Ботажан сауықтыру орталығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар эбру қағазда емес суда сурет салуды үйренуде. Бұл әдіс Эбру техникасы деп аталады. Тарихы өте көнеден басталған.
Эбру техникасымен сурет салу оңай дүние емес. Ең алдымен керекті заттарды сайлап алу керек. Ал, ол үшін арнайы су, фон жасау үшін қылқалам және бояуға пішін беруге шило, өрнектеуге гребен қажет. Бояу табиғи балдырдан жасалған.

Татьяна Сотникова – «Бота Жан» сауықтыру орталығының эбру-терапевті: «Суына келетін болсақ бір литр ерітіндіге қоюлатқыш пен суды араластырып 12 сағатқа қоямыз. Ал, бояулардың құрамында бір түсті пигмент, бұқа өті және су бар».
Алдымен қылқаламның көмегімен шашырату әдісі бойынша фон жасалынады. Содан кейін шило арқылы неше түрлі суреттерді, композицияларды өрнектеуге болады. Оны тік ұстап бояуды тамшылату арқылы қиялға ерік береміз. Соңында дайын болған дүние қағаз бетіне аударылады.
Валентина Маар – «Бота Жан» сауықтыру орталығының психологы:»Бұл баланың жүйке жүйесін тыныштандырып, өзіне деген сенімін нығайтады. Икемділікке үйретеді. Ой-өрісін дамытып, өздігімен түрлі туындылар ойлап табуға көмектеседі».
Суретті тек қағазға ғана емес мата, ағаш және шыны бетіне де ауыстыруға болады. Сауықтыру орталығы болашақта балалар жасаған туындыларды аукционға қоймақ. Онда суреттерден өзге мүмкіндігі шектеулі балалардың фирмалық футболкалары да сатылады.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login