Балқаштық ұстаздар қайтадан партаға отырды. Қала бойынша 40 педагог ағылшын тілін үйренуде. Олар физика, химия, жаратылыстану және информатика пәнінің мұғалімдері.
Бір сыныпқа жиналған ұстаздарды жасы да еңбек өтілі де әр түрлі. Ішіндегі ең үлкендерінің бірі 50 жастағы Наталья Рязонова. 30 жылдық тәжірибесі бар физика пәнінің мұғалімі оқушы кезінде ағылшын тілін оқыған. Сондықтанда шет тілінде оқу, жазу аса қиынға соқпапты.
Наталья Рязонова-№4 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі
«Оқу ешқашан кеш емес. Бұрын үйренген көп сөздерді еске түсірдім. Осы уақытқа дейін көптеген заттардың, жануарлардың атауын үйрендік. Үй тапсырмасын да орындаймыз. Егер, мұғалім жақсы, деп мақтаса оқушы секілді қуанып қаламыз».
Мұғалімдердің ішіндегі ең жасы 25 жастағы Сымбат Сүлейменова. 3 жылдан бері физикадан сабақ беріп келеді. Тек мектепте ғана емес университетте де ағылшын пәнін оқыған. Содан болса керек, мұндағы жақсы оқитын оқушылардың бірі.
Сымбат Сүлейменова-№15 мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі
«Жалпы қатты қиын емес. Себебі физиканы мектеп кезінен бастап ағылшынды оқып келе жатырмын. Күніне 50 сөзге дейін үйренеміз. Біздің сөздік қорымызды байытып жатыр деп айтсақ болады».
Қала бойынша жалпы саны 40 оқытушы ағылшын тілін әліпбиден бастап үйренуде. Желтоқсан айына дейін созылатын оқу курсы 4 деңгейден тұрады. Әр деңгей аяқталған сайын сертификат беріледі. Алайда ол үшін эмтихан тапсырып, тілді қаншалықты меңгергендерін дәлелдеуі тиіс. Ал, жыл соңынан бастап әр кім өз пәнін ағылшынша беруді үйренеді.
Динара Құнарбекова-ағылшын тілі мұғалімі
« Төртінші деңгей ол пәндік деңгей. Ол жерде арнайы ағылшынша беріп жүрген информатика, химия мұғалімдері келіп біздің мұғалімдерді оқыту негіздерін, терминологияларын сабақта қалай қолдану керектігін үйретеді».
2019 жылдан бастап жоғары сынып оқушылары физика, химика, жаратылыстану және информатика пәндерін ағылшынша оқи бастайды. Ал, ол уақытқа дейін ұстаздар қауымы шет тілін еркін меңгеруі тиіс. Сол мақсатпен қазір республика бойынша 1526 мұғалім даярланып жатыр.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login