Балқашта 2 жасар бала із-түссіз жоғалып кетті. Техснаб кентіндегі жер үйде тұратын Бекнұр Дәріғұл есімді бүлдіршіннің тапа-тал түсте қайда кеткені белгісіз. Кешеден бері іздеу жұмыстарына құтқарушылар мен полицейлер, ерікті жандар, тұрғындар, оқушылар , тіпті облыстық кинолог мамандар да жұмылдырылды. Алайда, нәтиже мардымсыз болып тұр.
Бекнұрдың анасы Гүлжан Аманбаеваның айтуынша, кенже баласы осы қора арқылы тесіктен шығып кетуі мүмкін. Өйткені, сол күні оның есігі ашық қалған көрінеді. Ал сыртқы қоршаудың есіктері жабық тұрған. Сондықтан, есік алдына ойнауға шыққан бүлдіршіннің жоғалып кетуіне бірден-бір себеп осы.
Гүлжан Аманбаева- Бекнұрдың анасы
«Түскі 12-ге 15 минут қалғанда ойнауға шыққан. Сол 10 минуттың ішінде бала шығып кеткен.Осы көмір қораның тесігінен.Сондай өзімнің түйсігім бойынша солай деп ойлаймын. Күн жылы болғандықтан аяқ киімсіз жүн нәскимен жүрген.Өзі кіріп-шығып құммен ойнайтын».
2 жасар баланың үйде жоғын білген ана көрші- қолаңға айтып бірден іздеу жұмыстарына кіріскен. Кешкі сағат18:00-ге дейін баланың тек бір жақ аяғының шұлығын тапқан. Ал оны көріп алаңдаған ата-ана содан кейін құтқарушыларға дабыл қағыпты.
Мадина Дәріғұлова- Бекнұрдың әпкесі
«Біз бүкіл жақты іздедік. Бір нәскиін тауып алдық.Түсі әппақ, байлайтыны бар. Нәскиін бұрылыстан тауып алдық».
Баланың іздеу жұмыстарына күллі Балқаш ат салысуда. Кешеден бері 30-ға жуық құтқарушы мен бүкіл полицейлер Техснаб кентін тінтуде. 200-ден аса ерікті топ, оқушылар, студенттер, тұрғындар үй-үйге кіріп, сұрастыруда. Оған қоса, облыстан кинолог мамандар да келді.
Бүгін сүңгуірлер Техснаб кентіне ағатын жылы ағысты, көлдегі су астын тексерді. Барлық қамыстарды аралап шықты.Бірақ, әлі де нәтиже мардымсыз.
Олег Грабовский – ТЖБ мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің басшысы
«Баланың үйі мен жылы ағыстың аралығы 250 метр. Сол себептен су асты толық тексерілуде. Бұл баланың жоғалып кетуіне бірден-бір себеп болуы мүмкін.Онымен, қоса Техснаб кентіндегі үйлер, алаңдар, құдықтар барлығында іздеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, әзірше бала табылмады».
Ал жоғалып кеткен 2 жасар Бекнұр Дәріғұлдың ерекше белгілері жоқ. Бірақ, кеше оның үстінде қызыл жейде, ақшыл түсті колготкиі, тоқыма шұлығы болған. Шашы мен көзі — қара-қоңыр.
Байланыс телефондары: 102, 8 705 326 86 98, 8 778 359 17 58
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login