Ел тарихында қалған есімдер жайлы бағдарламамызды әрі қарай жалғастырамыз. Бүгінгі хабарымыз Томпиев Қали Айдарбекұлына арналады.
1995 жылға дейін бұл көше Аркадий Гайдар есімімен аталды. Ал 1996 жылдан бастап қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес шаһардың алғашқы құрылысшылары, белгілі байытушы, металлург ардагері Қали Томпиевтің есіміне берілді. Содан бері міне, арада 20 жыл уақыт өтті.
Қазіргі күні бұл көшеде ерекше жобамен тұрғызылған 4 қабатты 7 үй бар және бір балабақша балғындардың игілігі үшін жұмыс істеуде. Сондай-ақ тұрғындардың демалып, спортпен шұғылдануына 4 саябақ орналасқан. Оның бірі былтыр ғана күрделі жөндеуден өтті.
Арғын Кенбабин — «Жер қатынастары , сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ заңгер маманы
«Ол қала орталығындағы Қали Томпиев көшесінде 7 үй орналасқан. Әр үйдің биіктігі — 3 метр. Басқа үйлерден тарихи ерекшелігімен өзгешеленеді. Бұл үйлерді жобалағанда әрбір ұсақ-түйекке дейін ойластырған»
Қали Айдарбекұлы Томпиев 1903 жылы қазіргі Ағадыр кентінде дүниеге келген. Руы-Керней. 13 жасынан бастап Қарқаралы ауданында еңбек жолын бастады. Содан кейін құрылыс саласына 1928 жылы араласып, теміржол- Түрксібті салуға ат салысты. Кейін Балқашқа келіп, мыс қорыту мен байыту фабрикасын тұрғызу барысында еңбек етті. Сөйтіп, байыту фабрикасы іске қосылған кезде Қаңырат кенінен бірінші болып мыс концентратын айырып алды.
Ал Қали Томпиевтің жұбайы – Рыскүл Сәрсенбайқызы. Отағасымен Рыскүл апа 17 жасында бас қосып, шаңырақ көтеріп, 10 ұрпақтың ата-анасы атанды. Тұңғыштары Қазкен, одан кейін Зоя, Қази, Майра, Жазкен, Еркен, Ербол, Марал, Қанат және Еркеш есімді 5 қызы мен 5 ұлы дүниеге келді. Олардан 16 немере 25 шөбере тарады. Барлық ұрпақтары жоғарғы білімді. Бірі құрылысшы болса, енді бірі медицина саласының білікті дәрігері және аграном мамандығы да Томпиевтер отбасында орын алды.
Ербол Томпиев- Қ.Томпиевтің ұлы
«Әкеміз 83 жасында қайтыс болды. Өзіміз 10 ағайындымыз. Қалғаны қазір 5-уіміз қалдық, өзгелері қайтыс болды. Қазір мен өзім осы жақта істеймін. Қорғау қызметінде. Балқашта Қази дейтін ағамыз болды. Осы екі үш жыл бұрын қайтыс болып кетті. Одан немерелері бар. Балалары қалды. Үш баласы осында тұратын. Балқаштың өзінде. Мен өзім осында тұрамын. Қарындасым тұрады Еркеш дейтін. Сол үшеуіміз ғана қалдық Балқашта тұрып жатқан қазір».
Ал бүгінгі күні ата-анаға деген құрметтерін балалары қағаз бетіне түсіруге әдетке айналдырған. Оған дәлел мына екі кітап. Алғашқысын «Қали Томпиев кім деген?» кітапты үлкен ұлы Қазкен жазса, кейінгі «Бәйтерек жапырақтары» деп аталатын оқулықты немерелері шығарған. Онда Қали Томпиевтің өмірбаяны мен қызметтегі еңбек жолы, балалары жайлы толық баяндалып жазылған.
Айта кетейік, Қали Томпиев елімізге сіңірген еңбектері үшін бірнеше рет марапатқа ие болған азамат. Оның ішінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен, КСРО-ның төрт дүркін медаліне ие болған тұлға. Ал биыл Қали Томпиевтің өмірден өткеніне 30 жыл толады. Көзі тірі болса 113 жасқа келер еді.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login