Балқашта биыл туберкулездің ашық формасымен ауыратын 9 адам анықталған. Барлығы да 2 жыл және одан да көп уақыт флюрографиялық тексерістен өтпегендер. Ал туберкулездің ашық түрімен ауыратындар бір күнде 10 нан аса адамға ауру жұқтыруы мүмкін. Сол себепті дәрігерлер биыл өкпесін тексертпеген тұрғындарды тезірек флюрографиядан өтуге шақырады.
Биыл Балқашта 24 адам туберкулез дертіне шалдыққан. Олардың ішіндегі 9 бұл дерттің ашық түрімен ауырады екен. Оның 2 басында баспанасы жоқ, қала кезген қаңғыбастар. Қалғаны нәпақасын әр жерден тауып жүрген, тұрақты жұмысы жоқ тұрғындар. Дертке шалдыққандарын кеш білген. Себебі денсаулықтарына салғырт қарап, флюрографиялық тексерістен өтпеген.
Бақжан Сәрсенбай-№2 емхана эпидемиологы:«Бұл адамдар 2 жыл және одан да көп уақыт флюрографиялық тексерістен өтпеген. Адамдар өздерінің туберкулезбен ауыратынын білмеуі мүмкін. Себебі қазір бұрынғыдай науқаста жөтел, температура болмайды. Ауру жұқтырғанын тек флюрографиялық тексерістен өткенде ғана біле аламыз».
Туберкулез дертін тудыратын бактерия-кох таяқашасы деп аталады. Ол ауа, шаң-тозаң, сілекей, қақырық арқылы тарайды. Мәселен туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқас жөтелсе, түшкірсе немесе түкірсе микроб ауаға тарап, тыныс жолдары арқылы өзге адамның ағзасына түседі. Осылайша өкпені зақымдайды. Яғни сау адам бұл дертті кез-келген жерден жұқтыруы мүмкін.
Бақжан Сәрсенбай-№2 емхана эпидемиологы:»Науқастың ыдыс-аяғын, сүртінген орамалын, қолдануға болмайды. Себебі онда туберкулез ауруын тудыратын кох таяқшасы болуы мүмкін. Яғни жеке-бас гигиенасын сақтау керек».
Бұл жұқпалы ауруға әсіресе 6 айға дейінгі балалар, жаңа босанған әйелдер, қарттар тез шалдығуы мүмкін. Себебі олардың қорғаныс жүйесі әлсіз болады. Сол себепті бала дүниеге келгенде және 6 жасқа толғанда туберкулезге қарсы бцж екпесі салынады. Ал ересектер дертке шалдықпас үшін иммунитеттерін күшейтулері қажет. Әрі жылына бір рет флюрографиялық тексерістен өтуді ұмытпау керек.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login