Балқаш жаңалықтары 26.09.2018

1) Жаңа жағдайда жаңғыру-жаңа үрдіс! Бүгін №15 мектеп-лицейінде осындай шығармашылық кездесу өтті. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары балқаштық жастарға өз жетістіктері жайында баяндап берді. Түрлі салада үздік атанған мамандар биік белестерді бағындырудың қыр-сырын үйретті.

2) Бүгін Балқашқа Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Өзбекстанның, Қытайдың және Ресейдің философтары, саясаттанушылары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері келді. Құрметті қонақтардың барлығы Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Жібек жолы бойындағы сұхбат» экспедициясының мүшелері.

3) Әрі қарай халықаралық жоба қатысушыларын «Бектау-Ата» тауында домбырасын күмбірлеткен әншілер, тазысы мен лашынын сері еткен аңшылар, боз кілемде күрескен балуандар, найзасы мен қылышын асынған батырлар, шолпысы сылдырлаған сұлу қыздар мен ақ жаулық тағынған әжелер қарсы алды. Балқаштықтар табиғат аясына киіз үй тігіп, қонақтарға ерекше қонақжайлылық көрсетті.

4) Балқаштықтар «Жібек жолы бойындағы сұхбат» экспедициясының мүшелерін Бектау-Ата тауындағы қызықты жерлермен таныстырды. Таудың ортасында орналасқан «қыспақтасты» көрсетті. Бұл жерді осыдан 27 жыл бұрын Балқаш тұрғыны Оразғали Мұхаметжанов тапқан.

5) Қалада тұңғыш рет түрлі жобалар мен жасампаз ойларды жүзеге асыруға арналған алаң ашылды. Мәдениет сарайындағы бұрынғы коммуналды төлеу орталығы енді коворкинг- орталығына айналды.

6) Бүгін бұқара халық игі іске қатысты. 80 адам донор ретінде тіркеліп, 35 литрге жуық қан тапсырды.Ол үшін облыстан келген мамандар таңғы сағат 9-дан бастап кешкі 5-ке дейін үзіліссіз қызмет атқарды.

7) Қазақстанда алкогольді сусындарға деген сұраныс азайды. Елімізде арақ-шараптарды шығаратын өндіріс ошақтары қысқартылып,ащы суды ішетіндер саны кеміді. Қазіргі күні орташа есеппен әрбір қазақстандық бір жылда 4 литр таза спиртті тұтынады.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать