Үш ай бұрын Қарағанды облысының әкімі атанған Ерлан Қошанов жұмыс сапарымен Балқашқа келді.Басшы бір күн бойы әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды аралап, шаһардың тыныс-тіршілігімен танысты. Жиын барысында өңірде жеке инвестиция мәселесі ақсап тұрғандығын тілге тиек етті.
Ерлан Қошановтың Балқаштағы алғашқы іс сапары өңірдегі ірі кәсіпорын «Сары қазына» мен «Қазақмыс Смелтингтен» басталды. Содан кейін басшы жылу электр станциясына барып, Қоңырат мөлтек ауданындағы қазандықтың жұмысын тексерді. Әбден тозығы жеткен жылу жүйесінің мәселесі басты назарда екендігін атап өтті.
Облыс әкімі кәсіп ошақтарды аралағаннан соң, қаланың 80- жылдық мерейтойға дайындығын көзбен көріп қайтты. Құрылыс қарқынына баға берді. Жаңа кеңестік-диагностикалық орталықта болып, балалардың ойын-сауық алаңына бас сұқты.
Осылайша, өңірдің тыныс–тіршілігімен танысқан облыс басшысы әкімшілікте жиын өткізді. Қала әкімінің баяндамасын тыңдады. Александр Аглиулиннің айтуынша, шаһарда екі көпқабатты үйді тұрғызуға, Балқаш-Саяқ су магистралін қалыпқа келтіру үшін қаржы жетіспейді. Оған қоса, қалалық әуежай техникалық талаптарға сай келмейтіндіктен үлкен ұшақтарды қабылдай алмай жүрміз дейді.
Ал облыс әкімі бөліскен мәлімдемеде, қарағандылықтар арасында Балқаш жеке инвестиция саласы жағынан ақсап тұр. Соңғы жылдары қалада жаңа кәсіпорындар ашылмай, туристік даму байқалмайды делінген.
Сонымен қатар, жиналыста тұрғындарды толғандырған газ, күл-қоқыс мәселесі көтерілді. Қазақмыс компаниясының өкілі алдағы үш жылда зауытқа екі жаңа фильтр орнатып,газарнаны жаңартамыз деп уәде етті.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login