Ақ халаттылар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін әр мекемеге барып жеке түсіндіруде. Бүгін №1 емхана дәрігерлері қалалық мұражай қызметкерлерімен кездесті. Мамандардың айтуынша, сақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмек көрсету 2018 жылдан басталады. Алайда, бұл кезең басталысымен бәрі ақылы болады деу жаңсақ пікір. Мысалы, жедел-жәрдем шақыру, онкология, туберкулез, қант диабеті секілді кең таралған дерттерден сауықтыру, профилактикалық егу жұмыстарын жүргізу тегін іске асады. Сондай-ақ, дәрігердің рецепті бойынша 47 ауруды емдеуге тегін дәрі берілмек. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жаңашылдық аясында қазақстандықтар кез-келген мемлекеттік немесе жекеменшік емханаға барып денсаулығын тексерте алады. Ол үшін емдеу мекемесі медициналық сақтандыру қорымен келісім-шарт жасасқан болуы тиіс.
Лейла Исмагамбетова-№1 емхана директорының орынбасары
«Қазіргі таңда көрсетілетін тегін медициналық көмек сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін де сақталады. Кеткен шығынның барлығын сақтандыру қоры төлейді. Ал, қорға мемлекет 1 шілдеден бастап қаржы аудара бастайды.»
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login