Балқаштықтар тегін медициналық көмек алу үшін статусын білуі керек

Медициналық міндетті сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін кімдер медициналық көмекті тегін алады, ал кімдерге ақылы болады? Бұл сұрақтың жауабын алу үшін әрбір балқаштық тіркелген емханасына жүгіну керек.

Медициналық сақтандыру жүйесі енбес бұрын әр адам емханаға тіркелу керек. Ал, бұрыннан тіркеуде тұрғандар емдеу мекемесіне келіп өз статусын растауы тиіс. Яғни емделуші жұмыс істейтін болса, қайда қызмет ететінін көрсетеді. Жеке кәсіппен айналысса не болмаса жұмыссыз жүрсе ол да ескеріледі. Себебі осыған қарап сақтандыру қорына түсуі тиіс қаржыны кім аударатыны анықталады.

Гүлзира Қосжанова –№2 емхананың бөлімше меңгерушісі
«Тіркелу емханада тіркеуде жоқ балқаштықтарға қатысты. Біздің қалада көпшілігі вахта бойынша жұмыс істейді. Іссапармен көп уақытқа Балқашқа келіп жатады. Оларда тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаға келіп, тіркелу үшін өтініш жазу қажет. Бірақ, бізге тіркелсе бұрынғы жерден автоматты түрде шығып қалады».

1 — шілдеден бастап жұмыс берушілер қоластындағы әр жұмыскер үшін медициналық сақтындару қорына төлем жасайды. Ал, 2019 жылы жұмыс жасаушылар да қорға ақша аудара бастайды. Ал, балалар, мүгедектер, зейнеткерлер мен жұмыссыз статусын алған азаматтар міндетті төлемнен босатылған. Олар үшін медициналық көмек тегін көрсетіледі.

E.gov порталы арқылы да өзіңнің әлеуметтік статусыңды анықтап, онлайн жүйе бойынша емханаға тіркелуге өтініш жасауға болады. Бағдарлама медициналық сақтандыру қорына төленетін аударымдар жайлы толық ақпарат береді. Егер, адам базада жоқ болса, онда медициналық көмектен қағылуы мүмкін. Ондай кезде ХҚКО-на барып, өз статусын көрсету қажет.

Сәуір айында басталған «Емханаға тіркел де медициналық сақтандыру қорындағы өз статусыңды анықта» акциясы маусым айының соңына дейін жалғасады. Оған дейін әрбір қазақстандық емханаға келіп өзінің қай топқа жататынын анықтап алуы тиіс.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать