Киіз үй жабдықтары

 

Киіз үй халқымыздың тарихындағы ең алғашқы құрылыс нысаны. Көшіп-қонғанға ыңғайлы , жер сілкінісіне төтеп беретін ең қолайлы жәдігер. Киіз үйдің жалпы салмағы жиһаздарымен қосқанда, 300-400 келіге жуық. Бұл салмақты бір түйе еркін көтере алады. Кереге, уық, шаңырақ пен сықырлауық киіз үйдің негізгі бөлшектері.
Соның ішінде кереге киіз үйдің негізгі қаңқасы. Ол сәмбі талдан және жас қайыңнан жасалады. Кереге санына қарай киіз үй төрт, алты, сегіз, он екі, жиырма төрт, қанатты болып тұрғызылады. Хан ордасының қанаты отызға дейін жеткен. Ал, шаңырақ болса, киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Қазақ шаңырақты ешқашан төңкеріп қоймаған. Тіпті шаңырақ көтеріліп жатқанда сөйлеуге болмайды екен. Жеті уық шаншылғанша, тек жетесіз ғана сөйлейді деген сөз осының дәлелі болмақ. Ал, уық кереге мен шаңырақты жалғап тұрады. Сықырлауық болса, киіз үйге кіріп-шығатын есік қызметін атқарады.

Жұмахан Ұлышай-киіз үй құрастырушы
«6 қанатты 15 минутта құрасың. 8 қанатты жарты сағатта құрасың. 12 қанаттыға келген кезде 2-3 сағат. Ішіндегі бау шашақты санамағанда, 12 қанаттыны 3 сағатта құруға болады. 16 қанатты 7 сағат уақыт кетеді. Бәрі ағаштан болады. Барлығы ағаштан болады. Сәмбі деген ағаштан жасалады. Оның иілуі оңай. Ева тұқымдас ағаш. Оңайлыққа сынбайды».

Үйдің сүйегі толық құрылғаннан кейін оның сыртына киіз жабылады. Сосын ішін әрлеуге кіріседі. Керегеге сәндік және жылулық үшін оюлы түскиіз ілінеді. Түскиіздің екі түрі болады. Бірі матадан жасалса, екіншісі киізден дайындалған. Баспананың ішін безендіру үшін қолданылатын тағы бір жиһаздың түрі-басқұр. Ол уық пен керегенің түйіскен жеріне байлана ілінеді. Ұзындығы киіз үйді айналдыра орап шығатындай болады. Ені 20—30 см. Басқұрды өрмекпен терме тоқу, қақпа тоқу әдістерімен әр түсті жіптің көмегімен ою-өрнекті етіп тоқиды. Ал, уыққа үзік, шаңыраққа түндік жабылады. Киіз үйдің іші иін бау, түңдік бау, уық бау, аспа бау, шашақ, жел бау секілді басқада бұйымдармен әрленген. Соның ішіндегі жел баудың атқарар рөлі зор. Шаңыраққа тартып байланатын баулар үй ішін әсемдеп қана қоймай, қатты жел кезінде шаңырақты ұшып кетуден қорғайды.

Жұмахан Ұлышай-киіз үй құрастырушы
«Әр үйдің көлеміне қарай киіздері көбейе береді. 6 қанатқа 4 туырлық болады. Екі үзігі болады. Бір түндігі болады. Бір киіз есігі болады.Кереге кең болған сайын туырлықтары көбейе береді. Ал, ішінің жиһаздарына келетін болсақ, қазақ үйді құрғаннан кейін уықтарды құрған соң тізбе кетеді. Жан-жағын тізбемен уықтар шайқалмасын деп тізбелер тартады. Ішінде жел бау болады. Қазір кілемнен жасалған, бұрын тоқымадан жасалған. Сол тоқымаларды ортаға үйіп 1-2 мешок құмды ортаға салып қояды. Шаңырақ шайқалмас үшін».

Жалпы, киіз үйдің ішкі құрылысы 4 бөлімнен тұрады. 1. Төр. Мұнда жүк жиналады. Бұл — киіз үйдің жоғары әрі сыйлы орны. Төрге сыйлы қонақтар және қыз бала отырған. 2.Сол жақ (кіргенде оң жақ) — үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. 3. Оң жақта (кіргенде сол жақ) балаларға арналған орын. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді. 4. От жағатын жер — қасиетті орын болып саналады. Мұнда қазан асылып, тамақ жасалады.

Дәулет Қожақов-қалалық мұражайдың ғылыми қызметкері
«Жалпы енді киіз үйді қазақ көшпелі халқының мәдени шығармашылығының биік шыңы деп атайды. Өйткені қазақ халқының дүниме танымдық, қолөнер шеберлік өнерлерінің барлығы осы киіз үй жасаудың айналасында тоғысқан. Енді киіз үйді жасауда материалдар, негізгі мал өнімдерінен алынады. Ағаштан басқалары. Малдың сүйегі, терісі, жүні. Осылардың барлығы киіз үйге керекті қажетті заттар».

Енді киіз үй жиһаздарына тоқталсақ. Соның бірі сандық. Ол киім-кешек, мата-пұл сияқты бағалы заттарды салып сақтауға арналған. Сандықтың бетін былғарымен қаптап, құйма күміспен әшекейлейді. Сондай-ақ сандықтың бет жағына жұқа мыс қаңылтыр, жез қаңылтырларды шаршылап, кереге көздеп қадау арқылы әшекейлеу де кең тараған. Әрбір үйде 2-4 сандық болады.

Дәулет Қожақов-қалалық мұражайдың ғылыми қызметкері
«Мынау шетелден келген 18-19 ғасырда қазақтың киіз үйімен танысқан орыстың ғалымдары жазып кетеді. Егер, қазақтың обдың музейін көргіңіз келсе қазақтың киіз үйіне барыңыздар дейді. Жалпы тұрмысқа керекті заттардың ішінде оюсыз салынған зат жоқ дейді. Мына терінің өзіне әдемілеп ою салынған».

1.Әбдіре(абдыра) – үй бұйымдары мен ұсақ-түйек бағалы заттарды сақтайтын, көлемі әр түрлі болып келетін сандық түрі. Көтеруге ыңғайлы болу үшін екі бүйіріне қос-қостан тұтқа орнатылып, қақпағына құлып салынады.

2.Ас-тағам, ыдыс-аяқ сақтауға арналған мүлікті кебеже деп атайды. түбі қалың тақтайдан жасалады. Оның қақпағы кәдімгі сандықтың қақпағы сияқты, кейде жармалы да болып келеді. Жармалар не көлденең кергіш ағашпен, не таспамен жалғастырылады. Көші-қонда түйеге арту үшін төрт бұрышына қайыс өткізетін тесігі бар құлақ жасалған.

3.Асадал — тамақ пен ыдыс-аяқ сақтауға арналған кебеже тектес ыдыс. Асадал мықты әрі жеңіл ағаштан жасалады. Асадалдың түбі оның ішкі жағындағы жиекшелерге тірей орнатылатын қалың тақтаймен, үстіңгі беті жұқалау тақтаймен жабылады. . Асадал сәнді болу үшін оның бетін әр түрлі бояулармен өрнектеп сырлайды не сүйекпен өрнектеп әшекейлейді. Асадалдың үйдегі орны — қазан-аяқ (сол жақ) жақ.
4.Жүкаяқ – буылған тең, қатталған, бүктелген сырмақ, көрпе-жастық, кебеже, сандық сияқты заттарды қою үшін пайдаланылатын жиһаз. Асты қуыс болатындықтан үнемі жел кеулеп, жүктің асты дым тартып, көгермейді. Оны да алуан түрлі өрнектермен әшекейлеген.
5.Үйге сән беретін тұтыныс бұйымдарының бірі — ағаш төсек. Қазақтарда төсектің негізгі үш түрі сақталған. Олар айырмашылығы екі, төрт және сегіз аяқты болып келуінде. Төсек бастарының қайқы болуы – жатқан адамның аяғы мен басы денесінен сәл биік келіп, демалғанда қан айналысы жақсы болатынын қазақтар баяғы заманда-ақ ескерген. Ол сондай-ақ, ажыратылып және құрастырылатындықтан көшкенде түйеге артуға өте қолайлы
6.Адалбақан — киім т.б. үй мүліктерін ілуге арналған жабдық. Адалбақан көбінесе бұтағы көп балапан қайың мен шыршадан жасалады. Жас ағашты кесіп алып қабығын аршығаннан кейін, оның бұтақтарын түп жағынан бір сүйемдей қалдырып, ұшын кесіп тастайды.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать

Hide picture