Ауа – райы жылынып келе жатқанымен, көл бетінде балық аулаушылардың саны азаяр емес. Мұздың қалыңдығы бұрынғыдай болғанымен, көл үстіне көлікпен шығу қауіпті.Өйткені, қармаққа балық ілеміз деп мұздың жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан сақтық шараларды ұмытпау керек дейтін құтқарушылар рейд жұмыстарын жүргізді. Бірінші болып Сергей Галанов есімді балықшыны кездестірді. Еңбек демалысын тиімді пайдаланып, сүйікті ісінің қызығына батып жүрген жан 2 сағаттың ішінде қанжығасын 12 балықпен майлаған. Оның айтуынша, қазіргі уақытта балықтың қармаққа көп ілінетін кезі.
Сергей Галанов- балықшы
«Мен 3 жылдан бері қыста балық аулап жүрмін. Қауіпсіздік ережелерін сақтаймын. Күн сайын ауа-райын қарап отырмын. Мұз жұқарып, жағалаудағы мұздар сына бастаса көлге шықпаймын».
Судағы қауіпсіздік ережелерді үнемі назарда ұстауға шақырған мамандар рейд кезінде 20 балықшыны кездестіріп, қалалық жағалау мен Техснаб кентінің аймақтарын аралап шықты. Ақпарат қағаздарын таратып, төтенше оқиға кезінде не істеу керектігін көрсетті.
Дархан Қуанбаев- Судан құтқару бөлімінің басшысы
«Көлікпен қаладан алыс жерге барған кезде навигатор алып, өзінің кетіп бара жатқандығын,жерін туған-туысқандарына айтып кетулерін, оқыс жағдай болған кезде 112 нөміріне хабарлауларын сұраймыз. Мұздың қалыңдығы 10 см төмендегенде мұздың үстіне шықпауларын және де оған дейін мұздың қалыңдығын құтқарушылар күнделікті тексеруде».
Бүгінде мұздың қалыңдығы 60 см. Әзірге адамды көтереді. Бірақта, солай екен деп көлікпен көл үстіне шығуға болмайды. Себебі, қауіп-қатер айтып келмейтіні рас. Дегенмен де, мамандардың есептеуінше көлдегі мұз сәуір айынан бастап ериді деп күтілуде.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login