Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылында 42 жастағы әйел жүкті екенін дәрігерлерден, туған-туыстарынан, тіпті күйеуінен де жасырып келген. Айы-күні жетіп толғатқан әйелді дәрігерлер үй жағдайында тудырып алыпты, деп жазады Baq.kz агенттігі.
Оқиға 8 наурыз күні болған. «Асқазаным ауырып тұр» деп шағымданған әйеліне ері дәрігер шақырып келген. Келіп жеткен дәрігер әйелдің асқазаны ауырмайтындығын, оның толғағы келіп, босанайын деп жатқанын көреді. Дереу акушерді шақырып, екеулеп жүріп әйелді аман-есен, үйде тудырып алады.
«42 жастағы әйел жүкті екендігін бізден жасырып келген. Сондықтан да тіркеуге алынбаған. 8 наурыз күні толғатып, дәрігер шақырған уақытта ғана жүкті екендігін білдік. Аман-есен тудырып алғаннан кейін, 60 шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығындағы ауруханаға апардық. Біраз күн дәрігерлердің қарауында болды. Қазір нәрестенің де, әйелдің жағдайы жақсы», — дейді акушер Б.Мағзұмқызы.
Жүктілігін жасырып келген әйел асқазаным ауырады деп шағымданып, көбінесе Балқаш, Қарағанды қалаларына барып келіп жүрген.
42 жасында төртінші баласын туған әйелдің жүкті екендігін тоғыз ай бойы дәрігерлерден, туған-туыстарынан, тіпті, күйеуінен не себепті жасырып келгендігі белгісіз.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login