АНА РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Айнабек қожа қызы Гүлсім
(1923-2016 ж.ж.)
Ардақты асыл АНАМЫЗ, отбасымыздың мәуелі бәйтерегі болған Айнабек қожа қызы Гүлсім анамыздың өмірден озғанына 11.12.2017 жылы жыл толады.
Азалы күндерде жанымыздан табылып, қолтығымыздан демеп, қайғымызды бөлісіп қолынан келген көмегін аямаған туған-туыс, құда-жекжат, көрші-көлем мен көзкөрген, дәмдес болған барша жамағатқа, басымызды жерге тигенше иіп, рахметімізді айта отырып, АҚ АНАМЫЗДЫҢ жылдық асына келіп арнайы бағышталғалы отырған дұғаның ішінде болыңыздар деп шақырамыз! Жылдық ас 23.11.2017 жылы сағат 12.00-ден бастап Балқаш қалалық мешітінің үлкен залында беріледі.
АНАМЫЗ 1923 жылы дүниеге келген. 1946 жылы әкеміз Жексенбин Боранбаймен отау құрып, АЛЛАНЫҢ бұйрығымен өмірге жеті перзент әкеліп, бағып-қағып өсірген екен. Бүгінде жеті баласы да жеті жерде бір-бір бәйтеректей жапырақтары жайқалып, өсіп-өніп жатқан жайы бар. Жеті баласынан 22 немере, 27 шөбере сүйіп, иіскеп батасын беріп кеткен ол кісі үнемі «Бар байлығым, артымнан иманды ұрпағым болса екен» деп тілек ететін. Жаратушыға мың да бір шүкір, Әкеміз бен Анамыздың артында дұға жасап еске алатын иманды ұрпағы барда, оларды келмеске кетті деуге болмас!
АНАМЫЗ өр мінезді, ақ сөйлеп, адал ас ішіп, әр кезде әділдік, туралық жақтарын көп ұстанған. Өмір атты теңізде ешқандай қиындыққа мойымай, екі нәубет жылдарды өткерген адамдар. АНАМЫЗ ашаршылық жылдарын әңгімелеп айтқанда, көзге жас алмау мүмкін еместін. Кейін соғыс жылдарында істеген еңбектерін, уақытпен санаспай Отан үшін от кешкен сәттерін еске алып, балаларына әңгімелегенде, тұла бойымызды қорқыныш сезімі билеп, шүкіршілік айта отырып, артынша ата-анаңның ерлігі үшін мақтанатынбыз.
ӘКЕМІЗ бен АНАМЫЗДЫҢ еңбектері біз үшін, яғни ұрпақтары үшін өшпес тарих. ӘКЕМІЗ Ұлы Отан Соғысының ардагері, ал АНАМЫЗ Тыл ардагері, сонымен қатар алтын құрсақты «Алтын Алқа» иегері.
ӘКЕ, АНА Жаратушыдан сіздер үшін дұға тілейміз. Имандарыңыз серік болсын, жандарыңыз жәннатта, тәндеріңіз рахатта, АЛЛАДАН рахым Пайғамбардан шапағат болсын!!!
Ас берушілер: балалары Біләл, Аралбай, Балташ, Нәсіпжан, Несіпжан, Бақыт, Төлеубай, күйеу балалары, келіндері, немерелері мен шөберелері.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login