Балқашта аламан айтыс өтті. Еліне қалқан болған Ағыбай батырдың 215 жылдығына арналған сөз сайысына еліміздің түрлі өңірінен 8 ақын келді. Олар батырдың өрлігімен, ерлігін тілге тиек етіп, орамды ойларын ортаға салды.
Сара ақын домбырасының құлақ күйін келтіріп, сахнаға шығуға дайындалу үстінде. Бұл аспабын осыдан 15 жыл бұрын арнайы тапсырыспен жасатыпты. Содан бері сенімді серігі. Бетінде Сара деген есімі ойылып жазылған. Осы күнге дейін 20 шақты көлік мінген ақынның айтуынша, жеңіске жетудің сыры ол — халықтың қолдауына ие болу.
Сара Тоқтамысова-ақын
«Енді әр айтыстың өзіндік жеңілдігі де бар, өзіндік қиындығы да бар. Мен айта алмаймын. Бұл жерде халықтың қалауы, халықтың қолдауы ең бастысы. Мың жерден қыз бен жігіт айтысын шығарып тұрған кезде кейде бір өтпей қалатын кездер болады. Неге? Өйткені халықтың қолдауы аз болды демек».
Ағыбай батырдың 215 жылдығына арналған аламан айтысқа еліздің әр түкпірінен 8 ақын шақырылған. Кешті талай жыр додасында топ жарған сөз шебері Аманжол Әлтаев жүргізді. Ал сайысқа филиология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Қойлыбай Асанов- филология ғылымдарының докторы
«Бұл айтыстың мәні де мазмұны да бөлек. Өйткені кешегі алпауыт империямен 10 жыл бойы арпалысқан Хан кененің мынандай бір сөзі бар. Сарыарқадай ел қайда, Ағыбайдай ер қайда?, — деген екен. Осының өзі-ақ Ағыбай батырдың қандай ер болғанын айғақтап тұр».
Бұл күні мәдениет сарайы адамға лық толдық. Айтысқа шөлдеген халық 4 жұпқа бөлініп шыққан ақындарға үлкен қошемет білдірді. Айтыскерлер болса, тек Ағыбай батырдың ерлігін ғана емес әлеуметтік мәселелерді де қозғап, әдемі әзілді қоса отыра халықтың көңілін бір марқайтып тастады. Әсіресе Сара Тоқтамысова мен Өміржан Көпбосыновтың арасындағы қыз бен жігіт айтысы ел көңілінен шықты.
Бірінші орын сәйкесінше Сара Тоқтамысоваға, екінші орын Өміржан Көпбосыновқа, үшінші орын Тілеген Әділов пен Серікзат Дүйсенғазыға бұйырды. Жүлдегерлер 700, 400 және 300 мың теңгеге ие болды. Өзге ақындар да сый сияпатсыз қалған жоқ. Оларға арнайы алғыс хаттар мен тұрмыстық техника секілді заттай сыйлықтар берілді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login