Көмек көрсету мен қайырымдылықты насихаттайтын «Рахмет» дүкеніне бүгін 1 жыл. 12 айдың ішінде балқаштықтардың алғысына бөлене білген сауда нүктесі осы уақытқа дейін тұрмыстық жағдайы төмен, киім-кешекке мұқтаж жандарға қол ұштарын созды. Ал бір жылдықтың аясында сатушылар дүкен тұтынушыларын киіндіріп қана қоймай, азық-түлік пен тәтті қоржынды сыйға тартты.
78 жастағы Валентина апа екі шөбересі үшін қатты алаңдайды. Қызынан ерте айырылған зейнеткер екі баланы асырауға жалғыз зейнетақым жетпейді дейді. Сондықтан елдің айтуымен бүгін «Рахмет» дүкеніне бет бұрыпты.
Валентина Тришечкина, қала тұрғыны: «Менің қызым қайтыс болған.Қазір жалғыз өзім екі шөберемді бағып,өсіріп келемін. Оларға барлығын сатып беруге зейнетақым жетпейді. Сондықтан осы дүкенге келіп, балаларыма аяқ киім, жемпір қарасам деймін».
Адамның бір ауыз сөзі үшін көмек көрсетілетін дүкенде жалғыз басты зейнеткер керек-жарағымен қатар, бір қоржын азық-түлік, тәтті сый-сияпатқа ие болды.Және дәл осындай сыйлықтар тұрмыстық жағдайы төмен, аз қамтылған 40 отбасыға үлестірілді. Оған қоса, 10 тұрғынға шаштараз қызметі ақысыз көрсетіліп, 50 адам киноға тегін жолдама алды.
Айгүл Сыздықова, қалалық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі: «Жұмыс барысында киім-кешектер, заттар бітіп қалса елдерге қоңырау шалып жан-жақтан іздейсің. Жиналған заттарды осы жерге әкеліп іліп, орындарына қоясың. Уақыт алады. Дегенменде, мұнда барлығы тегін. Біз бутикке ақша төлемейміз. Тек рахмет үшін барлығын қабылдап, балқаштықтарға таратамыз».
Ал мұндай игі бастамадан шамасы келсе кез-келген адам шет қалмағаны абзал. Ниет болса, сауда орталығындағы 30 бутикке келіп артық заттарыңызды өткізе аласыздар.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login