Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11- мамырға дейін созылды

Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11- мамырға дейін созылды. Эпидемияның өршуі басылса, карантин осы күні аяқталады. Мемлекет басшысы жаңа тәсілдерге тоқталды.
Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтар үшін 42500 теңге көлемінде көмек беретін болады. Айта кету керек, бұл соманы тек сәуір айының 15-іне дейін өтініш білдіргендер ғана ала алады. Ал 20 — сәуірде жұмысқа кіріскен азаматтарға бұл төлем берілмейтін болды. Президент сондай-ақ, азық- түлік пакеттерін тарату жалғасатынын жеткізді.
Таяу күндері мемлекеттік комиссия қай областарда карантин режимін жеңілдетуге болатынын анықтап, шешім қабылдайтын болады. Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кіріседі. Бірақ, санитарлық талаптар сақталуы тиіс.
Үкімет сондай-ақ, 1 — мамырдан бастап Елорда мен Алматы арасындағы рейстерді ашуды жоспарлап отыр.
Бүгінгі мәлімдемеде айтылғандай карантин режимін біртіндеп жеңілдету, үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу деген сөз емес. Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатр, ресторан, саябақ сынды адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Оқу орындары болса қашықтан оқытуды жалғастыра бермек.
Президент айтып өткендей, елдегі бұл індеттің шыңы әлі өткен жоқ. Қауіп әлі де бар. Халықтан сұралатын басты талап, қолды жиі жуып, қашықтықты сақтасаңыз болғаны.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login