Осы аптада Балқаш қаласына 83 жыл толады. Қаламызда атақты ғалымдар, музыканттар, академиктер өмір сүрген. Олардың Балқаш қаласы үшін сіңірген еңбегі зор. Міне, осындай азаматтардың құрметіне олар тұрған үйдің сыртына мемориалды тақтайшалар орнатылған.
Қараменде би көшесіндегі 2 үйде бір емес екі атақты тұлға тұрған. Бірі музыкант, ұстаз, сазгер Келгенбай Төлеутаев. Балқаштағы «Сары-Арқа» халық ансамблінің негізін қалаушы. Сазгер ауыл-ауылды аралап, ұмытыла бастаған халық әндерін үнтаспаға түсіріп, кейін «Балқаш аймағының ән мұрасы» атты кітап шығарған. Сол еңбегі үшін ҚР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер атағы берілген.
Екінші тұлға Сыбанқұлов Күмісбек. Көзі тірісінде экология тақырыбын қозғап 40-тан аса мақала жазып қалдырған. 1995 жылы Балқаш қаласында жас экологтар мектебін құрған. Ал, 1996 Күмісбек Сыбанқұлов ғылыми еңбектері үшін «Экология» халықтық академиясының академигі деген атаққа ие болған. Ол бұл мәртебеге қол жеткізген алғашқы балқаштық.
Ағыбай батыр көшесіндегі 22-ші тұрғын үйде КСРО-ның еңбек сіңірген кеншісі, техника ғылымдарының кандидаты Далабай Ешпанов 5 жыл тұрған. Балқаш кен-металлургия комбинатын басқарған. Оның басшылығымен алғаш рет сұйық ваннада сульфидті шикізаттан балқытып мыс алу автогенді процесі енгізілген. Еңбектегі жемісі үшін ленин, еңбек қызыл ту, ордендерімен марапатталған.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login