Балқаш жаңалықтары 25.12.2019

  1. Қарағандыда қатты желден аударылған батут иелеріне үкім шығарылды. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер кінәлі деп танылды. Қайғылы оқиға 25 мамыр күні Қарағандының орталық саябағында орын алған болатын. Қатты желден үрлемелі батут жақын маңда орналасқан дүңгіршектің үстіне аударылып қалды. Салдарынан 12 жастағы жеткіншек қаза тауып, 2 бала түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылған. Тергеудің дерегінше, батут дұрыс орнатылмаған және иелері оны саябаққа қоюға рұқсат алмаған. Сот шешімі бойынша, ерлі-зайыпты кәсіпкерлер кінәлі деп танылып, ер адам бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.  Ал айыпталушының жары төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Судья оның үкімін 2011 жылғы қызы 14 жасқа жеткенше кейінге қалдыруға шешім қабылдады.  Сот үкіміне сай, айыпталушылар қаза болған баланың анасына 4 миллион теңге, ал зардап шеккендерге 4,5 миллион теңге көлемінде  моральдық шығын төлеуі тиіс
  2. Балқаштың 2020 жылға арналған бюджеті шамамен 15 миллиард теңгені құрайды. Алдағы үш жылдағы қалалық қазынаның кірістері мен шығыстары мәслихаттың кезекті 35 сессиясында талқыланды. Келесі жылы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына шамамен 4 млрд теңге бөлінеді. Қаржы жолдарды жөндеуге, аулалар мен саябақты абаттандыруға жұмсалмақ. 7 млрд теңге білім саласына, ал 900 миллионнан астам ақша мәдени және спорттық шараларға қарастырылған. Сессияның күн тәртібіндегі тағы бір мәселе — қала көшелерінің атауын өзгерту. Келесі жылы Балқашта 27 көше мен бір саябақтың атауын ауыстыру жоспарланып отыр. Осыған орай қалада қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, оған 400-ден астам адам қатысқан. Мәслихат хатшысы Қадыржан Тейлянов мәслихаттың жұмысына қорытынды жасады. Бұл сессия 2019 жылы 10-шы рет өткізіліп отыр. Кездесуде депутаттар аулаларды абаттандыру, суару, президенттің жолдауын жүзеге асыру және т.б. өзекте мәселелерді талқылады. Олар қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, халықпен жеке қабылдау жүргізді
  3. Соңғы күндері жауған қардан қала ішіндегі жолдар мен тротуарларға 300 тоннаға жуық тұз аралас құм себілген. Толассыз жауған қар коммуналшыларды қызу жұмысқа жұмылдырды. Тазарту жұмыстарының қалай жүріп жатқанын бүгін әкімшілік пен полиция қызметкерлері қадағалауға шықты. Тек орталық көшелерді ғана емес қаланың проблемалық учаскелерін де  аралап жүр. Жергілікті биліктің сынынан соң қызмет көрсетуші ұйым қосымша техниканың көмегіне жүгінген. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін сауда нүктелерінің иелері де сақтаулары тиіс. Олар өз аумағынан 5 метрдей жерге жауған қардың нығыздалмауын қадағалап,  қатқан мұзға құм себулері қажет. Бірақ бұл тәртіпті барлық кәсіпкер сақтап отырған жоқ. 6 дүкеннің қожайынына хаттама толтырылды. Алғаш рет ескертпе жасалғанымен, олқылықты ретке келтірмегендер  50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайтын болады. Шаһарымыздың 30-дан аса, жалпы ұзындығы 23 шақырым көшесіне «Горкомхоз-2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Ал Қоңырат шағын ауданы мен Шашубай кентіне барар жол және темір жол өткелі Қарағанды облысының көлікжол басқармасының иелігінде
  4. Балқаш жастары Абай өлеңдерін үш тілде оқыды. Шаһарымызда ойшыл, ағартушы, ұлы ақынның 175 жылдығына орай дәстүрлі Абай оқулары болды. Әдеби сайыстың шымылдығын конкурстан тыс балабақша бүлдіршіндері ашып, өлең шумақтарын оқыды. Қатысушылар болса 4 кезең бойынша сынға түсті. Әуелі жеребе бойынша ақынның 30 өлеңінің бірін іліп-әкетіп жалғастырды. 2-ші 3-ші кезеңдерде Абайдың қара сөздерін және ақынның кез-келген туындысын ағылшын тілінде жеткізді. Қорытынды кезең театрланған қойылым болды. Онда қатысушылар «Абай жолы» эпопеясынан үзінділер келтірді. Әдеби сайысқа 11 адам қатысты. Олар 16 мен 29 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер және оқытушылар. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. Бас жүлдеге №8 мектеп ұстазы Жазира Қалиасқарова лайық деп танылды. 1 орын №2 лицей оқушысы Махамбет Алғамжановта. Расул Мажитов пен Баян Сағым 2 орын еншіледі. Тағы 3 қатысушы 3-ші орын  және номинациялармен марапатталды
  5. 2019 жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды. Дәстүр бойынша кез келген адам жылға қорытынды жасайтын уақыт келді. Балқаштықтар үшін өтіп бара жатқан доңыз жылы несімен есте қалды? Келер жылдан не күтеді? Сауалнама айдары

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login