Балқаш жаңалықтары 07.08.2019

  1. Балқашта қала сыртындағы саяжай  өртенді.  Тілсіз жаудан  үй қожайыны зардап шекті.Оқыс оқиға 20.00 шамасында болды. Бірінші су колонкасы ауданында саяжайдың өртеніп жатқанын көршілер хабарлаған. Жалын 10 шаршы метрге жуық аумақты алып жатқан үйдің кіре берісінің терезесі мен шатырын шарпыған.Одан өзге сол жердегі заттар өртенген. Оқиға орнына 10 өрт сөндіруші мен 2 арнайы техника жұмылдырылды.  Тілсіз жауды толық ауыздықтауға мамандар 20 минутқа жуық уақыт жұмсады. Өрттен саяжай қожайыны зардап шекті. Оны жедел жәрдем қызметкерлері орталық ауруханаға шұғыл түрде жеткізді. Дәрігерлер зардап шегушіге улы газбен орташа уланған деген диагноз қойып отыр
  2. Алаяқтық бабымен 4 жыл 8 айға бас бостандығына шектеу қойылған екі балқаштыққа қатысты шешім күшін жойды. Азаматтар істі аппелияцияға беріп өздерінің кінәсіз екенін дәлелдеп шықты. Естеріңізге сала кетейік, ағымдығы жылдың наурызында екі балқаштық энергияны үнемдеу және энергиялық тиімділік саласы бойынша  аккредитациядан  өткендерін дәлелдейтін құжаттарды заңсыз жасатып, фирма құрған. Содан 3 жыл бойы  ешқайда бармай-ақ, мемлекеттік мекемелерге энергоаудит жүргізіп сол үшін ақы алып отырған.Алайда, олардың қулығы әшкере болды. Сотта қызметтік бабын пайдалану арқылы алаяқтыққа барғандары үшін 4 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған болатын. Азаматтар жазамен келіспей, аппелияцияға берген.  Істі Қарағанды облысының қылмыстық істер сот коллегиясы қарастыды. Барлық айғақтарды қарастырған облыстық сот екі балқаштықты  кінәсіз деп танып, оның алдындағы оларға қатысты шыққан үкімнің көзін жойды
  3. Балқашта Құрбан айтта төрт түліктің сойылатын орны анықталды. Ветеринария мамандарының айтуынша  биыл  мал ет комбинатында сатылып, сол жерде бөлек ақыға сойылады. Фермерлер айтқа бір күн қалғанда комбинат аумағына төрт түлікті алып келеді. Барлық тексерістен өткен, таза малдар сол жерде  құрбандыққа шалынады. Белгіленген аумақтан тыс қала ішінде құрбандық шалған азаматтар 50 мың теңге айыппұл арқалайды. 11 тамыз  күні  Балқаш қаласы бойынша  айт  намазы  сағат 7.00 -де  оқылады.  Содан кейін мал сойылып, мұқтаж жандарға таратылады. Дін қызметкерлерінің айтуынша,  құрбандыққа шалынатын төрт түлік малдың ешқандай кемістігі болмау керек. Қасиетті мейрамға салмағына байланысты қойды биыл  30-40 мың, сиырды 150 мен 300 мың, жылқыны 250 мен 400 мың теңге аралығында сатып алуға болады.  Құрбандыққа шалынатын ұсақ малдар  1500 теңгеден,  ірі қара  мен жылқы, түйе малдары  5000 теңгеден жоғары бағада сойылады
  4. Баланы емізу – тұрақты дамудың кілті. Мұны балқаштық болашақ аналарға №1 емханада өткен шеберлік сағатында үйретті.  Аталмыш шара дүниезілік емізу апталығы аясында өткізіліп отыр. Болашақ аналарға төспен емізу 2 жылға дейін ұсынылады, ал сәби 6 айға толған кезден бастап қана қосымша сүт пен тағамдар беруге болады. Ал ана сүтінің дене бітімге, денсаулыққа әсері өз алдына бөлек әңгіме. Ана өз сүті арқылы ақуыз, көмірсу, май, пайдалы дәрумен, минералдарды баласына тікелей  керек мөлшерде бере алады. Баланы емізу ана үшін де нәресте үшін де өте пайдалы. Жасанды сүтпен тамақтанатын балалар еметін сәбилерге қарағанда ауырғыш келеді. Жаңа туған нәрестені бірден-бір қоректендіретін және кез келген жұқпалы аурулардан қорғайтын теңдессіз ғажайып тағам. Ана сүті, нәрестенің физикалық және психикалық дамуын жетілдіреді. Одан бөлек, ана жатыры қалпына келіп, босанудан кейінгі асқынулардың алдын алады
  5. Болашақ бағдарламасының түлектері Балқашқа келіп STEM IT бағдарламасын таныстырды. Қаламыздағы №15мектеп-лицейінде жаратылыстану бағытының ұстаздары бас қосып, тың технологияның артықшылықтарына үңілді.STEM академиясы өкілдері Астанадағы мектептердің бірінде ашылған зертхана жұмысымен таныстырды. Инженерлік жобалау, робот техникасы мен 3D модельдеу мұның барлығын STEM ғылымы үйретеді. Мысалға, биология пәнінде оқушыларға көздің құрылымын мына арнайы панельдің көмегімен қызықты да ұғынықты етіп түсіндіруге болады. Мұны 3D модельдеу арқылы жүзеге асырады. Әлемде кеңінен танымал бұл сала елімізге де біртіндеп еніп жатыр. Нәтижесінде оқушылар физика, химия, математикадан алған білімдерін іс жүзінде іске асыра алады. Бүгінде елімізде бағдарламаға қызығушылық жоғары.  Ал балқаштық мектептерде мұның барлығы алдағы уақыттың еншісінде болмақ
  6. Балқашта Street Workоut көше гимнастикасынан қалалық турнир өтпек. Сайысқа қатысамын деуші барлық ниеттілер шақырылады. Жеңімпаздарды бағалы сыйлықтар күтпек. Турнир 8 тамыз күні сағат 18.00 мәдениет сарайының воркаут алаңында өтеді. Көше гимнасттары  үш кезең бойынша сынға түседі. Олар: белтемірге тартылу, қоссырыққа қос қолдап шығу және тартылу. Үш кезең бойынша ұпайлар жинақталып, әр санат бойынша үздік шыққандар анықталмақ
  7. Алдағы жұмада әлемде кітапқұмарлар күнін атап өтеді. Атаулы мереке  Америкада пайда болған. Бүгінде дүние жүзілік мейрамға айналып та үлгерді. Аталған датаны жазушылар, әдебиет майталмандары мен оқырмандар атап өтеді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login