Балқаш жаңалықтары 17.06.2019

  1. Балқаш көлі жағасында спортпен шұғылдануға,  велосипед тебуге және балаларға арналған алаң пайда болады. Сондай-ақ биоәжетхана, киім ауыстыратын кабиналар орнатылады. Мемлекеттік туризмді дамыту бағдарламасы аясында қаламызда инфрақұрылым жүргізіледі. Жоба аясында 3,5 миллиард қаржыға электр жарығы, су құбыры,  кәріз желісі тартылады. Мұның барлығы Балқашта өткен  халықаралық туристік форумда айтылды
  2. Халықаралық туристік форум аясында капкейк пісірудің оңай тәсілі  мен аквагрим жасаудың жолдары көрсетілді.  Шеберлік сағатына 80 ге жуық тұрғын қатысып, бизнеске қалай қадам жасау керектігін үйренді. Соңында барлығы да сертификатқа ие болды
  3. Балқашта «Жолда қабылдау» акциясы өтті. Полицейлер тұрғындардың сауалына жолда жауап берді. Акция 2 күнге созылды. Тәртіп сақшылары балқаштықтарды 14-15 маусым күндері Желтоқсан көшесінің  бойында қабылдады. Акцияға 34 тұрғын қатысты. Әкімшілік полиция, көші-қон және басқа да бөлім мамандары келушілерді таңғы сағат 9-дан кешкі 7-ге дейін қабылдады. Акция аясында мобильді топ жол қауіпсіздігінен бастап, әкімшілік айыппұлдарды төлеу, транспорттық көлікті тіркеу, жол-көлік қозғалысына қатысты сауалдарға  жауап берді.
  4. Балқашта «Балдәруен» республикалық оқу сауықтыру орталығының филиалы ашылды. Енді Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облысының балалары көкше көлдің жағалауында демалады. Қазір лагерде 155 бала тынығуда. Оның 55-і мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер. Орталық жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Онда балалар тек демалып қана қоймай түрлі ауруларға қарсы ем қабылдайды
  5. Балқаштық медицина қызметкерлері төл мерекелерін атап өтті. Ақ халаттылардың кәсіби мейрамына орай мәдениет сарайының артқы алаңында салтанатты жиын өтті. Шара 50-ге жуық ақ халатты жас маман  билеген флешмобпен басталды.  Әрі қарай күндіз түні тынбай халыққа қызмет етіп жүрген мамандардың ішіндегі  6 жанға  қала әкімінің атынан алғыс хат пен 17 адамға құрмет грамотасы табысталды
  6. Демалыс күндері Балқаш аспанына 50-ге жуық батпырауық ұшырылды. Қалада алғаш рет әуе жыландарының фестивалі өтті. Шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Батпырауығы ауада ұзақ қалықтап, биікке ұшқан қатысушылар сыйлыққа ие болды
  7. «Металлург» футбол командасы облыс біріншілігінде алғаш рет өз қақпасына гол жіберіп алды. Өткен сенбіде балқаштықтар өз жерінде «Сарань» футбол командасын қабылдады. Ойын 6-1 есебімен балқаштықтардың жеңісімен аяқталды

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login