Бүгін балқаштықтар игі іске қатысты. 80 адам донор ретінде тіркеліп, 35 литрге жуық қан тапсырды.Ол үшін облыстан келген мамандар таңғы сағат 9.00 бастап кешкі 17.00 дейін үзіліссіз қызмет атқарды.
Роксана Девятованың тұрақты донор атанғанына биыл екінші жыл. 25 жастағы қыз әр тапсырылған қанның әр тамшысы науқастарға ауадай қажет екендігін жақсы түсінеді. Сондықтан мұндай игі шараны қалт жібермеуге тырысамын дейді.
Роксана Девятова – қала тұрғыны:«Менің донор болғаныма 2 жыл. Үшінші рет қан тапсырып тұрмын.Осылайша науқас адамдарға көмектескім келеді. Бұл бір жағынан өзіме, екінші жағынан басқаларға пайдалы іс».
Ал 41 жастағы донор Арман Мұханов шараға арнайы шақырту алып келді. Өйткені, оның қаны бірінші топқа жатады. Ол дегеніңіз қоғам арасында үлкен сұранысқа ие.
Арман Мұханов – қала тұрғыны:«Мен шақырту алған бетте келдім. Менің қаным сұраныста болғандықтан біреулерге пайдам тиіп қалар деген үміттемін.Донор күнін қалдырмай 6 жылдан бері қан тапсырып жүрмін».
Алайда, қан тапсыруға келген адамның әрбірі бірден донор бола алмайды. Ниеттілер алдымен анкета толтырып, денсаулықтарын тексерістен өткізеді. Қанның тобын анықтап,оның құрамында инфекцияның бар-жоғына анализ жасалады.
Диана Сағынтаева- донорларды топтастыру бөлімшесінің терапевт дәрігері: «Кейбір адамдардың қандарында бірден көрінбейтін инфекциялар болады. Оларды анықтай үшін плазма 4 ай бойы облыстағы орталықта сақталады. Содан кейін адам қайта қан тапсырып тексеріледі. Егер барлығы дұрыс болса қан қолданысқа жіберіледі».
Жалпы, орталық ауруханада ұйымдастырылған бүгінгі шараға 80 балқаштық қатысты. Әрқайсысы 450 мл қан тапсырып, 600 теңгеден ақшалай сыйақыға ие болды.Оған қоса, донорларға екі күндік демалыс берілді.Енді шаһарда келесі қан тапсыру акциясы 4 айдан кейін өткізілмек.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login