Тыныштығын бұзған көршісін сотқа берген қала тұрғыны сотта жеңіп шықты. Надежда Короткова жоғары қабаттағы шудан бір жыл бойы ұйықтай алмаған. Себебі жалға берілетін пәтерге келушілер үнемі шулап, айқай-шу шығарады екен. Зейнеткер полициядан бастап, прокуратураға дейін шағым түсіріп, ақыры дегеніне жетті.
Надежда Короткова өткен жылдың қараша айынан бері көршілеріне шағымдануда. 2017 жылдың күзінде жоғары қабаттағы пәтер жалға берілген. Ал онда келушілер үнемі түнімен шулап, ұрыс-төбелес шығаратындықтан әйел түнде ұйықтаудан қалған. Содан тіпті денсаулығына да зиян келіпті.
Надежда Короткова – зейнеткер
Пәтерді жалға алушылар мұнда түнде келеді. Содан таңға дейін шулайды. Барып ескерту жасасам, біз мұнда демалу үшін келдік дейді. Түнімен алаңдап шығамын. Содан қан қысымым көтеріліп, жүрегім ауыратын болды.
Полиция қызметкерлері пәтерді жалға алып, түнде тыныштықты бұзған тұрғындарға бірнеше рет айыппұл салыпты. Алайда, баспана иесіне еш шара қолдана алмады. Себебі ол кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз ісін заңдастырып қойған. Қиындықтан шығар жол іздеген зейнеткер прокуратураға арызданып, әкімге дейін барған.
Надежда Короткова – зейнеткер
«Әкімнің қабылдауында болып арызымды жеткіздім. Маған көмектесем деп уәде берді».
Ал осыдан екі ай бұрын Надежда Короткова түн тыныштығын бұзғандарды сотқа берген. Сот отырысына бұл оқиғаға қатысы барларлың барлығы жиналған. Судья екі жақты тыңдай отыра, пәтер иесіне баспанасын ұзақ уақытқа жалға беруге міндеттеді. Әрі 150 мың теңге моральдық шығын төлеу туралы шешім шығарды.
Надежда Короткова –зейнеткер
«Сот аяқталғаннан кейін 3 күннен соң пәтер ұзақ уақытқа жалға берілді. Мен өте ризамын. Қиын әрі ұзақ болса да өз мақсатыма жеттім. Қазір ұйқым тынышталды. Ешкім түнімен бұрынғыдай мазамды алмайды.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login