Еске алу
Руы Қырғыз – Естекі, сүйікті баламыз, бауырымыз Машенов Мақсат Мейрамұлының өмірден өткеніне қазанның 6-сында 10 жыл толмақ.
Жарқын бейнесі көз алдымызда, арманда кеткен Мақсатымыздың тілеуін тілеп едік. Тағдырдың жазғанына амал бар ма? Қимаймыз, жылаймыз. Алладан жас жанына медет тілеп, қабірін нұрға бөлеуін тілейміз.
Көре алмай тіршіліктің көп қызығын,
Тата алмай шаттық өмір тәттілігін.
Жарқырап келе жатқан жұлдызым ең,
Әттең-ай, ерте сөнді-ау жас-ғұмырың.
Қыраным ең шырқар биік аспанға,
Айналардай ұлым едің мақтанға.
Пенделіктің ашпай жатып пердесін,
Періште боп ұшып кеттің аспанға.
Үзіліп үнім үміт, көңіл жүдеп,
Жылдар өтті тоқтағалы бойда жүрек.
Әке-шешең, бауырларың сағынышта,
Отырғалы Алладан рахым тілеп.
Жан едің бүкпесі жоқ көңіліңнің,
Ешкімге естілмеген артық үнің.
Аңғалдықтан басқа жоқ артық мінез,
Кім білген ұзамасын өміріңнің.
Қайтейік, сағынармыз зарығумен,
Еске алып жүрек сыздап, қамығумен.
Бақұл бол, топырағың торқа болсын,
Бұл фәни дүниеден кім өтпеген.
Нағашыларының атынан
10 жыл болды өмірден өткеніңе, Қоңыр күз жаман хабар әкелді. Жол апаты болған сол күрең күз, қауіп-қатер қайдан төнеді ойламаппыз тіпті біз. Жамандыққа әсте көңіл сенбейді, Мақсатқа деген сағыныш сыздатады жүректі. Сағыныштан жүрек тулап алқынады, жылағаннан көз жасымыз сарқылады.
Бақыт дейді, бақыт бар ма жалғанда, Көнеміз ғой тағдыр басқа салғанда, ойласақ іштей қайғыдан күйіп-жанамыз. Аңсаумен сағыныштан өзіңді ағарды шашымыз, көре алмай тіршіліктің көп қызығын. Бақытты жастық шақ, өмірдің қызығын көрер шағыңды Алла алды өзі берген Мақсатты.
Дәлелдеп тағдыр заңының күштілігін, маңдайымызға сыймадың. Мақсат 20 жасқа келгенде қара жер қойнауына түсті, жалғанға сыймай кеткен жарқыным, кім ойлаған 6 қазан қаралы күн боларын. Өкініш жанға мұздай батады.
Қазақ қашанда «ботамды атсаң да, баламды атпа» деген. Сен жүрген жер елес бүгін, уақытты алып ұшты өмір егес. Әттең-ай! Ерте сөнді ғұмырың.
Қара жер көрпе ұсынып жатса Құдайдың ісі деген бар. Сондықтан, не шара бізде, жамбасыңа батпасын жер төсегің. Жәннатта болсын жас жаның, нұрға толсын қабірің, тілейміз жұмақтан орын болғанын. Тағдырға біз де бағындық.
Еске алушы: әке-шешесі: Мейрам – Манура, бауырлары – Эльвира, Индира, нағашы апалары, ағалары, жезделері, жеңгелері.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login