Еске алу.
Руы – Тобықты-Тастемір, Мұқашұлы Қабылбек әкеміздің өмірден өткеніне 40 күн болады.
Қырық күндік асы 19 тамыз күні сағат 13.00-ден бастап Шұбартау ауылында беріледі. Ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-қолаңға, балаларының еңбек ұжымдарына, Шұбартау ауылының тұрғындарына, барша танитын жамағатқа хабарлаймыз.
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында 1940 жылы 21- қарашада дүниеге келген. Еңбек жолын «Шұбартау» совхозында әр түрлі жұмыстар, оның ішінде жүргізушіден бастаған.
1969 жылы Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің құрамында В.И.Лениннің 100 жылдығына орай Алматы қаласында ұйымдастырылған концертте өз өнерін көрсетіп қайтты.
1981жылы Қарағанды политехникалық институтын бітіріп, совхозда бас инженер болып қызмет атқарған. 1985-1995 жылдары совхоздың аға прорабы болып жемісті қызмет атқарды Ауыл орталығындағы спорт алаңы, типтік монша, Бейбітшілік көшесіндегі тұрғын үйлерді салдырды.
1984 жылы «Абай» совхозының алғашқы қазығын қағып, іргетасын қалаушылардың бірі болды.1994 жылдан зейнет демалысына шығып,1995 жылы «Шұбартау» совхозы жекешеленгенде кеңшардың мұрагері ретінде құрылған «Береке» шаруа қожалығы ұжымында басқарма төрағасы болып 2010 жылға дейін қызмет етті.
2005 жылы Балқаш қаласында Елбасы Н.Назарбаевпен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер жөнінде әңгімелескен.
Ауыл жастарын спортқа баулып, волейбол, бильярд және стол теннисін ұйымдастырушысы болды. Көптеген ауыларалық, ауданаралық спорттық сайысарда жеңімпаз атанды.
Бірнеше мемлекеттік белгілермен, құрмет грамоталармен марапатталған абыройлы азамат болған.
40-күн өтті, асқар тауым құлағалы,
40-күн өтті, өзіңді іздеп жылағалы.
Әр күніміз сағынышпен өткенмен,
Жүрегіміз ӘКЕ деп соғады әлі.
Тең келмейтін алтын да еш қолдағы,
Өзің едің, ӘКЕ, үйдің зор бағы.
Жарық берер айымыздай көктегі,
Болушы едің жанымыздың қорғаны.
Шырақ едің, сәуле едің, ай едің,
Жаның толы, мейірімге бай едің.
Ілім, білім, тәрбиеге қаныққан,
Үлгі алар ер атына сай едің.
Жадымыздан өшпес мәңгі әкешім,
Анаға жар, ал біздерге әкесің.
Балаларың, немерең де шөберең,
Бәрі сені сағынуда, Әке шын.
Сен кеткенде жанарлар да жылап тым,
Жігеріміз кетті сынып, сұлап мұң.
Жан әкешім, жаның болғай әрқашан,
Ең ерекше, ақ төрінен жұмақтың.
Қол жайып «Әумин» — деп бата оқып,
Жүреміз талай барып қабіріңе!
Жатқан жерің, жан әке, жайлы болып,
Сәуле шашып тұрсыншы қабіріңде.
Еске алып, ас берушілер: жұбайы Күлтай, балалары, немерелері, шөберелері.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login