Жалған ақша жарға жықты! Қарағанды қаласында жалған ақша жасайтын цех табылды. 20 жастан асқан облыс тұрғыны өзінің пәтерінде құнды қағазды шығарып, пайда тапқан. Алайда, ісі өрге жүзбей жедел топпен ұсталды. Үйін тінту барысында 2000 номиналды банкноттың 50 данасы табылды. Сонымен қатар, оны басып шығаратын ноутбук, принтер, арнайы бояулар мен қағаздарының бәрі тәркіленді. Күдіктінің айтуы бойынша, жалған бизнесті бастағанына көп болмапты. Оған қарамастан сот алдында жауап беретін болады. Өйткені, құнсыз ақша облыс бойынша тарап кетуі де мүмкін.
Ойрат Қосшығұлов – Қарағанды облысы мемлекеттік кірістер басқармасының көлеңкелі экономика бойынша бөлім жетекшісі:
«Күдікті ақшаларды арнайы бояумен бояған соң, қатты болуы үшін крахмалға салған. Кейін үтікпен үтіктеп, түзулеген. Оның бәрін арнайы сараптама жұмыстарында көрсетеді».
Жалған ақшаны түпңұсқасынан айыру үшін бірнеше белгілерге мән берген жөн. Қазақстандық теңгелердің 15 түрлі қорғаныс элементтері бар. Мысал үшін, 2000 теңгелік номиналда 7 белгі. Ол ең бірінші шытырлағыш болуы тиіс. Нақтырақ қарағанда жоғарғы жақта сутамғы белгісінде самұрық мифтік құсы бейнеленген. Жарыққа қарай көргенде жалпақ жiпте орналасқан элементтің тұтас жолағын көруге болады. Беткi жағында жануарлар түрiндегi түсiн өзгертетiн бояулармен жағылған жолақтар бар. Оған қоса, 2000 теңгелiк банкноттың беткi жағында киіктің суреті салынған.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login