Балқаштық ақын-жазушылардың 100 мың теңге ұтып алу мүмкіндіктері бар

Қарағанды облысында әдеби-шығармашылық байқауы жарияланды. Оған қазақ және орыс тілді жас ақындар мен жазушылар, публицистика шеберлері қатыса алады, — деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми ақпараттық порталы.
Байқау «Туған жер» бағдарламасы аясында Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен белгілі өлкетанушы , публицист, қазақ әдебиетінде есімі алтынмен жазылған жазушы Ақселеу Сейдімбектің туғанына 75 жыл толуына арналып өткізіледі.

Ұйымдастырушылар мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді, тіл мәдениетін жоғарылатуды, көркем әдебиет пен публицистиканы дамытуды мақсат еткен. Осылайша олар тарих пен ұлы дала мәдениетіне, ұлттық тұрмыс пен дәстүрлерге арналған шығармаларды насихаттауды көздейді.

Байқау жас шығармашыл адамдарды қолдау үшін өткізіледі. Оған 16 мен 35 аралығындағы үміткерлер қатыса алады. Шығарма байқауларға қатыспаған, ешбір басылымда жарияланбаған болуы керек. Конкурсқа қатысушылардың шығармаларын бағалау кезінде әділқазылар байқау тақырыбына сай болуын, идеялық мазмұнын, көркемделуін, авторлық мәнерін, стилистикалық ерекшелігіне мән береді.

Жеңімпаздар мен байқау лауреаттары диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жанрлар ішінен ерекше көзге түскен қатысушы Ақселеу Сейдімбеков атындағы арнайы 100 000 теңге сыйлықты алады. Бірінші орын — 60 000 теңге, екінші орын – 50 000, үшінші орын – 30 000 теңге. Байқауды Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырады.

Конкурс шығармалары (электронды және қағаз түрінде) 15 қыркүйекке дейін Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасында қабылданады. (100008, Қарағанды қ., Гоголь көшесі, 34, тел: 567476, 569348-факс, b.altynbek@karaganda-region.gov.kz).

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать

Hide picture