Астанаға бағыт алған көш керуені Балқашқа келді

Көне Тараздан Астанаға тарту! Тарихи шаһардан Елордаға бағыт алған көш Балқашқа ат басын тіреді. 150 адамнан құралған керуен сапарға көлікпен емес, түйе, жылқы, ат арбамен шықты. Осылайша, жамбылдықтар 1300 шақырым жерді жүріп, Ұлы Жібек жолын жаңғыртпақ ниетте.

«Көне тараздан, асқақ Астанаға тарту» атты көш керуен Балқашқа түске таман келді. Екі мың жылдық тарихы бар шаһардан арнайы ЭКСПО үшін 150 адам, 25 түйе, 46 жылқы,бірнеше ат арба,  тазы ит, екі қыран құс өңірдің орталық көшелерімен жүріп өтті. Елдің назарына ұзатылғалы тұрған Қыз Жібек көрінісін ұсынды.

Еркем Шоқыбасова- керуенге қатысушы: «Біз Жамбыл обл. Тараз қаласынан Ұлы Жібек жолын жандандыру мақсатымен, осындай әдемі көйлектерімізді киіп Астана қаласына ЭКСПО 2017 қарсаңында үлкен сыйлығымызды алып бара жатырмыз. Түйелерімізде, ақ боз аттарымызда шөлдемей, аман-есен келдік».

Ал бас сахна төрінде қонақтарды балқаштық өнерпаздар құшақ жая қарсы алды. Театрландырылған көрініспен ұлттық биді нақышына келтіре билеген бишілер өнерлерімен бөлісті. Алыстан ат терлетіп келгендерге ұлттық сусыннан ұсынып, дәмді тағамдарды тарту етті.

30 мамырда жолға шыққан керуен 26 шілде күні бас қалаға жетеді. Осы уақыт аралығында тарихи әулие атадан шыққан керуен 1300 шақырымды жүріп өтіп, жол-жөнекей 10 өңірге соқпақ. ЭКСПО-дағы Жамбылдың мәдени күндерінде елдің назарына жүріп өткен жолдарынан құралған деректі фильмді ұсынатын болады.

Абзал Сапарбек- қоюшы режиссер: «Бұл фильм міндетті түрде республикалық телеарналардан көрсетіледі. Осы жерде аялдап, қауышып, көріскеніміздің барлығы эфирден тамашаланады. Фильмде біз тоқтаған өлкелердің табиғатын, көрікті, тарихи жерлерін мәдени орындарын көрсетіміз. Одан бөлек біз әр тоқтаған жерлерімізде ұлттық дәстүрі жайында мәлімет беріп отырмыз».

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать

Hide picture