Балқаштағы мектептерге дабыл түймешігі орнатылды

Балқаштағы мектептерге дабыл түймешігі орнатылды. Арнайы тетік қазір барлық оқу орындарында пайда болған. Cонымен бірге бейнебақылау камералар да орнатылуда. Қауіпсіздік үшін жасалып жатқан шаралардың барлығы экстремизм және терроризмге қарсы күрес бағдарламасы аясында қолға алынып отыр.

Майдагүл Қыдырбаева № 4 мектептің тыныштығына 1 — наурыздан бері жауапты. Өзімен бірге ауысым бойынша тағы 2 күзетші жұмыс істейді. Олар жақында дабыл тетігіне ие болды. Енді, қандай да бір қауіп төнсе, телефонға жүгіріп әуре болудың қажеті жоқ. Түймешікті басып қалса болғаны, сигнал ІІБ кезекші бөлімшесіне келіп түсіп, әп-сәтте тәртіп сақшылары жетіп келеді.

Майдагүл Қыдырбаева-күзетші
«Біз дабыл тетігін үнемі өзімізбен бірге алып жүреміз. Смена тапсырғанда қасымдағы әріптесіме қалдырып кетеміз. Наурыз айынан бері мектепте ешқандай оқыс оқиғалар болған жоқ. Бәрі тыныш».

Мектептегі қауіпсіздік камералар арқылы да бақылауға алынған. Мұндай құрылғылар оқу орнының әр бұрышына орнатылыпты. Жалпы саны — 27. Бейнежазбаны күзетшілер үнемі бақылап отырады. Оқу ордасында болып жатқан барлық жайттан полиция қызметкерлері де хабардар. Олар мектеп тіршілігін ғаламтор арқылы онлайн жазбадан көре алады.

Ольга Ременова –компьютерлік құрылғылар бойынша инженер

«27 камераның 8-і далада, қалғаны дәлізде, асханада, спорт залда орнатылған. Мұның барлығы балалардың қауіпсіздігі үшін. Бұл құрылғыларды орнатуға жарты миллион теңге жұмсалды».

Еске сала кетейік, наурыз айында қаладағы мектептерге арнайы күзет мамандары қызмет көрсете бастады. Жергілікті билік вахташыларды күзетшілерге ауыстыру үшін 38 млн, ал дабыл тетігімен жабдықтауға 4 млн, камера қоюға 15 млн теңге бөлді. Бүгінгі таңда бақылау құрылғыларын орнату жалғасуда. Қазір олар 18 мектептің он бірінде іске қосылған.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать

Hide picture