Әз Наурыздың ерекше салт-дәстүрі — «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер»

Наурыз мерекесі жігіттің көкірегінде бүр жарған ұлы сезімін сүйгеніне айтуға дем береді. Осылайша, Наурыз екі жастың жарасуына жол ашқан. Салт-дәстүрі өмірлік заңына айналған ата-жұртымыз қыз бен жігіттің қосылуын мерекеге ұластыра білген. Соған арнап «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар»атты әдемі дәстүрді өмірге алып келді. Көне дәстүрдің мән-мағынасының өзін қараңызшы.
Наурыздың 21-нен 22-не қараған түн де өзінше ерекше. Дәл осы түні күн мен түн теңеледі. Сондықтан да барлық ел осы түнді ұйықтамай отырып қарсы алған. Жастар жағы түні бойы алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, қыз-жігіттер бір-бірімен ойнап-күліп өткізген.
Осы бір көңілді де көрікті түнде жас жігіттер ұнатқан қыздарына сөз салып, сезімдерін білдірген.Ал қыздар мұндай ырду-дырду түнде ұйқы түгілі шаршауды да ойламаған жігітке «Ұйқыңды аш» деген сылтаумен «Ұйқыашар» ұсынады. Мұндайда жігіттерде құр алақан қалмай қызға «селт еткізер» деген ниетпен айна-тарақ, алқа-сырға, шолпы-шашбау сыйлайды. Арулар ұйқыашарға ең тәтті-дәмді тағамын әзірлейді. Ертеде ұйқыашарға ет, тәтті уыз сияқты дәмді тағамдар ұсынса, қазір заманауи түрде қолдан пісірілген, түрлі өрнектермен әрленіп, жазу жазылған торт, капкейки сынды тәтті-тағамдар сыйласа болады. Осылайша, күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың жүректері де табысып, болашақ үлкен отбасын құруға алғашқы қадам жасалады.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать

Hide picture