Қазақша күресте ақтоғайлықтар алға шықты

Демалыс күндері қазақша күрестен Ауған соғысының ардагері Самат Нұрғалиевті еске алуға арналған турнир өтті. Оған Ақтоғай, Дересін, Жидебай сынды ауыл-аймақтардан жас балуандар келіп қатысты. Ал, қаламыздың намысын спорт мектептері қорғады.
15 жастағы Ізбасар Зәкен бұл жарысқа Жидебай ауылынан келді. Облыс чемпионы, республикалық жарыстың жүлдегері, спорт шебері бұл додадан да жүлдесіз қайтпайтынына сенімді. Ол алғашқы қарсыласын екі рет жамбасқа алып ұрып, айқын басымдылықпен жеңіске жетті.
Ізбасар Зәкен-жарысқа қатысушы, «Біздің ауылдан 13 бала келдік. Жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Әзірге, боз кілемге шыққан 4 баланың ешқайсысы жеңілген жоқ»
Самат Нұрғалиевті еске алуға арналған турнир 2001 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жерлесіміз 1979 жылы 18 жасында әскерге шақырылып, Ауғанстан жеріндегі соғысқа аттанған. Алдында, туыстарына үнемі хат жазып тұрыпты. Содан 3-4 ай хабарсыз кеткен. Ал, кейін артынан қаралы қағаз келеді.
Жұмабике Увалиева-Самат Нұрғалиевтің әпкесі, «80-ші жылы 30 декабрь күні бізге қаралы қағаз келді. Мәйітін 1981 жылдың қаңтарында ғана ала алдық. Бауырым тірі болғанда 56 жасқа келер еді. Ұйымдастырушыларға бауырымды еске алып жатқанынан алғыс білдіремін».
Жарыста 9 салмақ дәрежесі бойынша 100-ден аса жас балуан күш сынасты. Нәтижесінде, ақтағойлықтар 5 алтын медальді олжалап, командалық есепте бірінші орынға шықты. Ал, балқаштық спортшылар арасынан тек 4 балуан ғана алтын иеленді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать

Hide picture