ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ МЕН ХАЛЫҚ БИЛІГІН НЫҒАЙТУДЫҢ НЕГІЗІ

Еліміздің қоғамдық-саяси дамуының маңызды кезеңдерінің бірі – конституциялық реформа болды. Жаңа Конституция жобасының қабылдануы Қазақстанның демократиялық жаңаруына, халық билігін күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге бағытталған нақты қадам ретінде бағаланды. Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын нығайту. Мұндай жүйе билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, мемлекеттік шешімдердің ашық әрі жауапты түрде қабылдануына мүмкіндік береді.
Парламенттің өкілеттіктері кеңейтіліп, мәслихаттардың рөлі күшейтілді. Бұл өңір тұрғындарының мүдделерін орталық билікке тікелей жеткізуге жол ашады. Жаңа Конституция жобасында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық екені нақты бекітілген. Сөз бостандығы, әділ сотқа құқығы және жеке қауіпсіздік конституциялық тұрғыда айқынырақ нығайтылды. Жаңа Негізгі заңда әлеуметтік әділеттілікке ерекше көңіл бөлінген. Мемлекет табиғи ресурстар халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс деген қағидатты бекітеді. Бұл ұлттық байлықты әділ бөлуге және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға негіз қалыптастырады.
Әлеуметтік осал топтарды қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі негізгі басымдықтар ретінде айқындалды. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтіліп, жергілікті атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігі күшейтілді. Бұл өзгерістер өңірлердің дербестігін арттырып, жергілікті мәселелерді тұрғындардың тікелей қатысуымен шешуге мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция – әділ, ашық және жауапты қоғам құруға бағытталған ортақ келісім. Ендігі басты міндет – онда бекітілген нормалар мен қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыру. Бұл үдерісте әрбір мемлекеттік қызметші мен әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды.

Меруеш Башай Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Hide picture