Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияда іс-сапармен болып қайтты. Президент Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысу үшін Мюнхен қаласына барды. Мұнда ол бірнеше мемлекеттің көшбасшыларымен кездесті.Канада мен Кувейттің премьер-министрлерімен және Әзірбайжан мен Ауғанстан президенттерімен жүздесті. Конференцияда Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты пікірталасқа қатысып, «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйледі. Іс-шара қызу пікірталас форматында өтті, онда баяндамашылар модератордың сұрақтарына жауап беріп, Орталық Азиядағы қауіпсіздік проблемаларын шешу туралы өз ойларын ортаға салды. Тоқаев аймақтың рөлі туралы айта келе, оның жаһандық геосаясаттағы орыны арта түседі деген пікір білдірді. Президент форум қатысушыларына Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары, еліміздің Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, сондай-ақ Ауғанстанмен қарым-қатынасы туралы хабарлады. Кездесуде өңірлік қауіпсіздік мәселелері де талқыланды. Мемлекет басшысы есірткі тасымалымен күрес шаралары және «Жусан» мен «Русафа» операцияларының нәтижелеріне тоқтала отырып, Қазақстанның лаңкестікке қарсы іс-қимылдағы үлесі туралы айтты
Қазақстанда жиналыстарды өткізу туралы хабарлау рәсімі алғаш рет қолданылады. Талқыланып жатқан құжат бейбіт жиналыс өткізуді мақұлдау процесін еркін ырықтандыруға мүмкіндік береді. Хабарлама беру тәртібі уәкілетті органнан қандай да бір жауап немесе келісім алмай-ақ, 250-ден көп емес адам қатысатын жиындарды өткізу үшін қарастырылған. Заң жобасы хабарламаларды немесе өтініштерді қараудың нақты және түсінікті ретін құруға мүмкіндік береді. Заң жобасы бейбіт жиналыстардың негізгі қағидаттарын енгізуге мүмкіндік береді, олардың арасында, ең алдымен, зорлық-зомбылыққа, күштеуге тыйым салу; заңдылық; мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, өзгелердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды және ең бастысы – қатысу еркіндігін қамтамасыз ету бар. Одан бөлек, заң жобасында бейбіт жиындарда ұйымдастырушылардың, қатысушылар мен журналистердің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін бекіту қарастырылған. Жаңа заңда ұйымдастырушылар мен қатысушылардың мәртебесіне, құқықтары мен міндеттеріне анықтама беру ұсынылады. Сонымен бірге, заң жобасында бейбіт жиналыс еркіндігін бұзатын шешімдер мен әрекеттерге шағымдануға мүмкіндік беретін бап енгізу қарастырылған
Рұқсат етілмеген митингтерден аулақ болыңыздар. Бейбітшілік пен келісімді сақтау қоғамның басты міндеті болып табылады. Билік өкілдері барлық мәселелерді диалог жолымен шешуге шақырады. Билік барлық құрылымдық күштермен сұхбат жүргізуге дайын. Рұқсат етілмеген шеруге шақырушылардың мақсаты бір ғана. Ол қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздығын қалыптастыру
Қаламызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін мониторинг жүргізілуде. Бүгінде шаһарымызда 2 әлеуметтік павильон және 1 коммуналдық дүкен бар. Мұндағы тауарлар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Әлеуметтік дүкендерде картоп, сәбіз, қырыққабат, пияз секілді көкөністерден басқа күріш, қарақұмық, қант, макарон өнімдері де жеткілікті. Мәселен, ағымдағы жылдың 14-ші ақпаны күні, облыстық тұрақтандыру қорынан бағаны ұстап тұру мақсатында қаламызға 500 кг күріш, 1 тонна қарақұмық, 160 литр күнбағыс майы және 1 тоннадан астам қырыққабат әкелінді. Бағасы қол жетімді өнімдерді «Сарытерек» коммуналдық дүкені мен «Ақтоғай» және «Алтынбеков» әлеуметтік павильондарының сөрелерінен көруге болады
Балқаштық құтқарушылар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындалып жатыр. Мамандар профилактикалық жұмыстар жүргізіп, жеке меншік секторы тұрғындарына төтенше жағдайлар кезіндегі қажетті шаралар туралы хабарлауда.Құтқарушылар су тасқынының алдын алу мақсатында жоспар әзірлеген. Мәселен, ақпан айының соңында төтенше жағдайлар мамандары үшін оқу-жаттығу өтпек. Онда жеке құрам мен техникалар таныстырылады. Құтқарушылар жеке меншік секторы тұрғындарына ауласын қардан уақытылы тазартуға, көлдің бетіне шықпауға және төтенше жағдай орын алған кезде 112 нөміріне қоңырау шалуға кеңес береді
Көпбалалы, 45 жасқа дейінгі аналардың назарына! Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай шаһарымызда байқау өтеді. Қатысамын десеңіздер сұраныстар наурыздың 3-іне дейін қабылданады.«Ана деген теңдесі жоқ ұлылық» конкурсы бірнеше кезеңнен тұрады. Таныстыру, одан соң үй тапсырмасы әр ана өз қолымен әзірлеген қолөнер бұйымы немесе тағам түрін әкеледі. Отбасы тақырыбына қатысты сұрақтар да қойылады. Соңғы кезең шығармашылық болмақ. Конкурс жеңімпаздары дипломдармен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады. Өтініштер 3 наурызға дейін мәдени-сауық орталығында қабылданады. Байланыс телефоны: 8 776 503 58 88; эл.пошта kdtsbalkhash@bk.ru
Қаламызда әскери ұшқыш, майор Еркін Үдербаевты еске алуға арналған шағын футболдан турнир өтті. Еркін Үдербаев осыдан 3 жыл бұрын отбасымен бірге апаттық өрт жағдайында қаза болған еді. Марқұмның рухына тағзым етуші әріптестері жыл сайын дәстүрлі түрде аяқ доп жарысын өткізеді. Турнирді ұйымдастырып отырған 53898 әскери бөлімінің қызметкерлері. Сап түзеген командаларға сәттілік тіледі. Еркін Үдербаев әскери бөлімнің әскери ұшқышы, майоры болған. Бірге еңбек еткен әріптестері биыл 3-ші жыл еске алу турнирін өткізіп отыр. Футболдан өткен шағын турнирге мемлекеттік қызметкерлер қатысуда. Барлығы 12 команда. Кубок ауыспалы болып табылады. Былтырғы жылы кубокты өрт сөндірушілер иеленген болатын. 12 команданың ойын қорытындысы мынадай болды. 1 орынды 5-ші өрт сөндіруші мекеме иеленді. 2 орын 53 898 әскери бөлімінде. Ал Ұлттық қауіпсіздік мекемесі болса 3-ші орында. Жеңімпаз командалар кубокпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login