Қалалық әкімдікте Бертіс шығанағын қалпына келтіру мәселесі қаралды. Сол мақсатта экологтар мен биологтар, қоғам өкілдері мен ғылыми қызметкерлер бас қосты.Бірінші болып сөз алған қала басшысының сөзінше Бертіс шығанағының басты проблемасы оның қамыстануы, көл түбінің лайлануы. Соның салдарынан судың түсі көмескі тартқан. Дөңгелек үстелге жиналғандар осы мәселелердің шешу жолдарын талқылады. Айдын маңындағы су балансын қалпына келтіру бойынша пікір алмасты. Отырыс қорытындысы бойынша іс-шаралар жоспарын құру тапсырылды. Құрылған жоспар келесі отырыста қаралатын болады
Жыл басынан бері екі мыңнан астам балқаштыққа 9 млн аса айыппұл салынды. Қазіргі таңда заң бұзушылар бұл соманың тек жартысын ғана төлеген. Полицейлер балқаштықтарға ескерту жасау үшін рейдке шықты.Қаламызда ақпанның 8-і мен 16-сы аралығында «Борышкер» акциясы жүргізілуде. Былтыр үш айдың ішінде Балқашта 3008 адамға айыппұл салынған. Биыл олардың саны 2147. Бүгінге дейін тек 415 заң бұзушы ғана 4 млн тг-ге жуық айыппұл төлеп, қарыздарынан құтылған. Учаскелік полицейлер мен жол инспекторлары қала тұрғындарына айыппұлды төлеу керектігін ескертіп үй-үйлерді аралауда. Егер борышкер 40 күннің ішінде салынған айыппұлды төлемесе, еңбекақысынан ұсталынады, немесе іс сотқа жөнелтіледі
2020 жылы Балқашта 24 аула абаттандырылатын болады. Ағымдағы жылға Балқаш қаласының әкімдігі осындай мақсат қойып отыр.Жоспар көлемі 2,5 есеге өсіп, биыл 24 аула абаттандырылады. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу бойынша үнемделген қаржы есебінен тағы 4 аула жөнделеді. Қазіргі таңда мердігер компанияны анықтау үшін тендр жарияланды. Құрылыс жұмыстарын бастау сәуір айына жоспарланған. 2023 жылға дейін жөндеуден өтетін аулалар мекен-жайын orken-media.kzсайтынан көре аласыздар. Одан бөлек ағымдағы жылы бұрын абаттандырылған аулалардағы балалар және спорт алаңдарын қайта қалпына келтіру басталады
Жас патриоттар ойыны. Бүгін 8 мектептің спорт алаңы шағын әскери аймаққа айналды. Барлық мектеп командалары өз дағдыларын сынап көрді. Әскери-патриоттық жарыстың шымылдығын жас кадеттер ашты. Оқушылар келген қонақтарға қоян-қолтық ұрыстың элементтерін, саптық адымдарын көрсетті. Әскери-спорттық дода Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Ол уақытта ұрыс алаңына Балқаштан 120 адам аттанған. Оның 50-і «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері» жауынгерлік бауырластық қоғамының құрамында. Оқушылар 2 сағат бойы сынға түсті. Пневматикалық мылтық атып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жауынгерлік парақшаларын қорғады. Жарыс нәтижесі бойынша 1 орынға №7 мектеп-гимназиясы лайық деп танылды. Қалған 6 мектеп оқушылары 2 мен 3 орынға тұрақтады
Балқаштық ММА-шілер Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Қарағандыда өткен облыстық іріктеу чемпионатынан жерлестеріміз үш 2-ші орын және бір 3-ші орын еншіледі.Қазақстан чемпионатына іріктеу 2 күнге созылған. Іріктеуге Қарағанды, Теміртау, Сортировка, Шахан, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен аудандардан спортшылар келген. 300-ге жуық балуан жиналған. Жастар арасында сынға түскен Арыстан ММА клубының шәкірттері 4 жүлделі орынды еншілеп отыр. Балқаш намысын облыста қорғап, Қазақстан чемпионатына жолдама алған Арыстан ММА шәкірттерінің бастамасы жақсы. Жауынгерлік аралас жекпе-жекпен жаттыға бастағанына 5 ай ғана болса да көрсеткіштері біршама. Облыстық іріктеуден 70 келі салмақ дәрежесінде Ерболат Дәкенов қола медаль иеленді. Ал 61 келі салмақта Дамир Билялов, 52 келіде Мадияр Мәулетханов және 93 келі ауыр салмақта Ақжол Амантаев 2 орынға ие болып, наурызда өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алды.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login