22 маусым күні Техснаб кентінің 15 жастағы тұрғыны суға батып, қаза тапты. Қайғылы оқиға жылу электр станциясының маңындағы жылы ағыста болған. Жеткіншек бұл жерде інісімен бірге жүріп, шомылмақ болады. Суыт хабар құтқарушыларға түскі сағат 12.00-де келіп түседі. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар әуелі су ағынын тоқтатып, артынша сүңгуірлер су астында іздеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 15 жастағы жасөспірімнің өлі денесі сыртқа шығарылады. Жасөспірімнің өлімі осы жылы көлде болған алғашқы қайғылы оқиға. Мұндай оқыс жағдайларды болдырмас үшін құтқарушылар тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайтынын ескертеді.
Бизнесмен Ерлан Нығматуллин Арыста зардап шеккен жандарға көмек ретінде 5 млн теңге аударды. Естеріңізге сала кетсек, осы дүйсенбіде Түркістан облысының Арыс қаласында әскери қойма аумағында жарылыс болған еді. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 60-қа жуық жан зардап шекті. Баспаналары қираған тұрғындарды жақын маңдағы елді-мекендерге шоғырландырды. Ал екі күннен соң Балқашқа Арыстан 100 бала келеді. Олар «Балдәурен» сауықтыру орталығына орналасады. Соған байланысты балқаштықтардан балалар қажеттілігіне жарар киім мен жеке бас гигиена заттарын жинау басталды. Көмек «Жастар ресурстық орталығында» қабылдануда. Одан өзге қалалық дін қызметкерлері «Балқаш Асары» қайырымдылық акциясын жариялады. Игі іске қатысу үшін бұзылмайтын азық түлік, киім-кешек әкеліп мешітке өткізу қажет. Жиналған заттар бірнеше күннен кейін Арыс қаласына жіберіледі. Одан бөлек ақшалай көмек көрсетуге болады.
Шұбар түбек кентіндегі кәсіпкерлер Балқаш Универсал мекемесіне шағымдануда. Айтуларынша фирма қоқысты шығаруға өте сирек келе бастаған. Одан бөлек тариф құнын қымбаттатқан. Енді кәсіпкерлер биылдан бастап әр адам басына 3700 тг төлеуі тиіс.
Балқашта жасыл желекті зиянкестерден қорғау жұмыстары жүргізілуде. Әуелі қала көшелеріндегі ағаштар, одан соң орталық саябақ пен қала ішіндегі шағын гүлзарлар залалсыздандырылмақ. Иванов көшесіндегі ағаштарға жапырақ жегіш қоңыздар мен түрлі зиянкестерден қорғау үшін химиялық ерітінді себілді. Бұл көше залалсыздандыру кестесіндегі соңғы көше болып табылады. «Димилин» химиялық дәрісі мектеп пен балабақша ауласындағы жасыл өскіндерге себілген. Келесі кезекте саябақ пен шағын гүл бақтары.
Балқаш гүлзарлары 100 мыңнан астам гүлмен толығады. Конкурстық жұмыстардың ұзаққа созылуына байланысты биыл гүл отырғызу шаралары жылдағыдан кеш басталды.
Сенбі күні компания жұмыскерлері көл жағалауын тазартуға шықты. Еріктілер ерінбей қаладағы ең лас жағажайды таңдаған. Орал судан құтқару станциясынан бастап Самалға дейінгі 4 шақырым жерді күл-қоқыстан арылтты.
Бүгін БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мейрамға орай мереке иелерін қалалық әкімдікке жиналды. Салтанатты кеште алғаш болып журналстика саласында талай жыл еңбек еткен БАҚ ардагерлері сөз алды. Жиында бірнеше адам марапатқа ие болды. Атап айтсақ ардагер журналист Наталья Павловская және Бақыт Қамбароваға қала әкімінің құрмет грматосы табысталды. Тура осындай марапат Қазақтелеком қызметкерлері Ирина Зелова мен Людмила Огайға берілді. Одан бөлек «Оркен Медиа», «Балқаш Тв» телеканалында және «Балқаш өңірі» мен «Северное Прибалхашье» газетінде еңбек ететін 6 журналист алғыс хатпен марапатталды.
Балқашта 90-ға жуық адам нашақор ретінде есепте тұр. Бұл тек анықталғандары ғана. Бүгін нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы халықаралық күрес күні.
Бүгін бүкіләлемдік балықшылар күні. Балық аулау біреу үшін кәсіп болса, енді біріне демалыс. Бүгінде көкше көлдің жағасында қармақ ұстағандар қарасы көп.
Бабалар аманаты — қасиетті домбра! Осындай атаумен балқашта күйшілер байқауы өтеді. Сайыс шілде айының бірінші жексенбісінде тойланатын домбра күніне орай ұйымдастырылады. Қатысушылардың жас шамасына шектеу қойылмаған. Балаллардан бастап қарттарға дейін қатыса алады. Байқаудың шарты бойынша 1 шертпе 1төкпе күй орындаулары тиіс. Сайысқа қатысу үшін мәдениет сарайындағы мәдени сауық орталығына барып өтініш жазу қажет. Кейін шілде айының соңғы жексенбісінде күйшілер арасында сайыс ұйымдастырылады. Үздіктері анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Қаламызда бокстан халықаралық турнир жалғасуда. Үшінші күннің нәтижесі бойынша 36 жұп ширек финалға өтті. Оның төртеуі балқаштық.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login