Балқаштық мектеп оқушылары арасында шахматтан спартакиада басталды. Интеллектуалдық ойында 6 команда бақ сынауда. Үш күн бойы 20-дан аса қатысушы өзара үздіктерді анықтайды. Алғашқы жарыстың қарқыны қандай, оны біздің журналистер біліп қайтты.
9 – сынып оқушысы Саят Рысмағамбетов әрбір жүрісін ақылға салуда. Бұл оның алғашқы жарысы емес. Шахматпен дос болғанына 3 жыл болған. Жетістіктері де жетерлік. №7 мектеп-гимназиясының оқушысы қала және облыс чемпионы. Бүгінгі жарыста да І айналымда-ақ қарсыласын артта қалдырды.
Саят Рысмағамбетов – №7 мектеп-гимназиясының оқушысы: «Мен І турда Айтбайұлы Ғалымжан деген баламен ойнадым. Абай мектебі 8 сынып оқушысы. Ол өте мықты ойыншы. Жақсы ойын өрнегін көрсетті».
Ал турирдің ең кішкентай қатысушысы – Байболат Мейрамбаев. Жасы небары жетіде. Ол қалалық, облыстық және республикалық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері атанған. Кішкентай шахматшы жақында ғана іріктеу турнирде жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Онда Балқаш қаласының намысын Байболатпен бірге тағы 4 қатысушы қорғамақ.
Байболат Мейрамбаев – №16 орта мектеп оқушысы
«Желтоқсанның тәуелсіздік күнінде мен бірінші орын алғам. Содан кейін тағы бір жарыста мен бірінші орын алдым. Содан кейін мен Қызылорда, Қостанайға бардым, Қарағандыдағы жарыста ІІ орын алдым».
Жарыста бір командада екі ұл, екі қыз. Жалпы 6 команда бақ сынауда. Балалардың зияткерлігін сынайтын ойын айналмалы жүйе бойынша үш күнге жалғасады. Спартакиада жеңімпаздары Қарағандыда өтетін облыстық мектепаралық спартакиадаға жолдама алады.
Ерғазы Әлімжанов – Балқаш қалалық шахмат федерациясының төрағасы
«Осы Балқашта акимат ақша бөлгелі балалардың арасында шахмат шеберлігі өсіп келеді. Бұрын қаражат болмай Балқаштан шыға алмайтынбыз. Қазір үлкен жарыстарға Павлодар, Қарағанды, Алматы Қостанайға барады».
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login