Вице-премьер – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев және төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді.
Премьер-министр орынбасары және ТЖМ басшысы Қарағанды облысындағы өзен алаптарын әуеден бақылап, өңірдегі ахуалмен танысты. Жағдай күрделі деп бағалануда: өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып отыр. Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40%-ында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар ерімеген. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары тартылды. Барлық қажетті жұмыстар жүргізілуде, дамбылар нығайтылып, жергілікті атқарушы органдар мен қызметтер техникамен қамтамасыз етілді.
Штаб басшысының орынбасары ТЖ режимі жарияланған Шет ауданындағы жағдаймен танысты. Төрт ауылда – Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсалда 40 үйге су кірген, 292 адам құтқарылды, олардың 114-і бала. Қазіргі уақытта жағдай біршама тұрақталып келеді, кейбір тұрғындар үйіне қайтып келіп жатыр.
Қанат Бозымбаевқа су тасқынының ауыр салдарының алдын алу үшін қабылданған шаралар туралы баяндалды. ТЖД мәліметінше, ең қиын кезең 29—30 наурызда болған. Қазір су қоймасы күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.
«Нұра мен Шерубай-Нұраның бас жағында қардың тез еруі басылды. Қар беті қалың емес. Нұра өзеніне қосылып жатқан артық су байқалмайды. Қарқаралы және Бұқар Жырау аудандары аумақтарында су тасқынының шарықтау шегі өтіп кетті десе де болады», — деп баяндады ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.
Штаб басшысының орынбасары Шет ауданы ауылдарының зардап шеккен тұрғындарымен кездесу барысында су тасқынынан келген барлық шығынды Комиссия бағалап, толық өтелетінін атап өтті.
«Мемлекет басшысы су тасқыны зардаптарын барынша азайтуды және бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия барлық үйді тексереді. Көмек көрсетіледі, мүлік қалпына келтіріліп, өтеледі. Егер үйлер жарамсыз деп танылса, жаңасы салынады немесе екінші нарықтан басқа баспана сатып алынады», — деп түсіндірді Қанат Бозымбаев ауыл тұрғындарына.
Қазір штабтың басты назарында – Нұра өзенінің алаптары. Облыс әкімдігі елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында превентивті шаралар қабылдап жатыр. Өз кезегінде Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login