Балқаш қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қайта енгізілетін карантиндік шаралар туралы хабарлады. Лена Батанаева сұхбат барысында, қоғамдық көлік қызметі, балабақша жұмысы мен блок бекеттер қызметі туралы айтты.
Лена Батанаева – Балқаш қ. бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
«Біз 13 маусымнан бастап аймағымыздағы індеттің өршуіне байланысты Қарағанды облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен қоғамдық көліктердің қозғалысы, 65 жастан асқан адамдардың сыртқа себепсіз шықпауы, 14 жасқа толмаған балалардың ата-ана қарауынсыз болмауы, 23.00-ден бастап таңғы 05.00-ге дейін жеке көліктердің жүруіне, және тұрғындардың да осы уақыт аралығында жүруіне тыйым салуға байланысты карантин шараларын күшейткен болатынбыз. Қала ішіндегі автобустар таңертең сағат 06.00-ден 10.00-ге дейін және кешкі 17.00-ден 21.00-ге дейін жүретін болады. Өндіріс орындарына келетін болсақ, олар өз жұмыскерлерін тасымалдау үшін қызметтік көліктермен келісім-шарт жасауға болады. Бұл негізінен комбинатқа қатысты. Себебі, комбинат жұмыс кестесі өзгеріп отырғандықтан, қызметтік көліктерді жалға алуды қарастыру керек. Қала ішіндегі автобус саны азаймайды, тек жоғарыда аталған уақытта ғана қатынайды. Сондықтан тұрғындар межелі жеріне жету үшін, автобустардың өзгерген уақытына сәйкес жоспар құру керек.
8 маусымнан бастап, демалыс орындарының жұмысы басталған болатын. Бұл ретте, әрбір кәсіпкер, яғни, демалыс орнының иесі пропуск.кз сайтына өтініш беріп, рұқсаталған соң, жұмыстарын бастауға болады. Тек, әрбір демалыс орыны рұқсат алған соң, демалушылардың келуіне дайын болу керек, яғни, контактісіз термометр, антисептиктер болу шарт. Орындықтар мен үстелдердің, жатын орындардың арақашықтығы сақталу керек.
Қалааралық автобустар мен әуе рейстері өзгеріссіз қалады.
Балабақшаларда да өзгеріс жоқ, кезекші топтар жұмысы жалғасады.
Халыққа қызмет көрсету орталығы 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді, алайда санитарлық талаптардың сақталуы міндетті, бетперде киіп, антисептик қолданыңыздар.
Қала ішінде, көл жағасында 23.00-ге дейін серуендеуге рұқсат. Қоғамдық тамақтану орындары, сауда үйлері 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда, ойын-сауық шараларын ұйымдастыруға тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану орындарында, кафелерде, ресторандарда 30 адамға дейін кіруге рұқсат. Ал, әртүрлі той-томалақтарды ұйымдастыруға болмайды.
13 маусымнан бастап облысымызда 2 блок бекет қызметі қайта жалғасады. Жезқазған қаласы мен Қарқаралы ауданында науқастар саны артқандықтан, бұл аймақтарда блок бекеттердің жұмысы қайта жанданады.
Үй карантиніндегі адамдарға қатаң түрде үйден шықпауларыңыз сұралады. Себебі, індеттің белгілері карантиннің соңғы күндерінде шығуы әбден мүмкін.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login