12 балқаштық тұрақты жұмысқа орналасты. Бүгін Мәдениет сарайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 15 мекеме өкілдері қатысты. Шара жұмыс іздеуші азаматтар мен жұмыс берушілердің арасында тікелей байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жұмыссыздарға 400-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Шараға «Су Жылу Транс», «Балқаш Су», «Балқаш Универсал», Халық банкі мен Қазпошта және басқа да бірнеше мекеме өкілдері қатысты. Мамандардың айтуынша қазіргі таңда педагогикалық мамандар, медицина қызметкерлері, коммуналдық, техникалық, экономикалық бағыттағы жұмысшылар сұранысқа ие. Жәрмеңке нәтижесі бойынша 12 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына 12 адам жазылған. Ал 28 қала тұрғыны болса, жаңа жұмысқа жолдама алды. Енді олар жұмыс берушілермен сұхбаттасуға бармақ. Бірнеше отбасы атаулы әлеуметтік көмек бойынша толық ақпаратқа ие болды
«Тіл — рухани жаңғырудың бастауы». Осындай атаумен қаламыздағы тілдер орталығының 10 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті. Оған облыстық ресурстық тіл орталығының және облыс қалаларының мамандары келді. Құрметті қонақтар тіл орталығының тыныс тіршілігімен танысты. Мерекелік шара «Тәжірибе алаңы» көрмесінен басталды. Мұнда 10 жылдағы жасалған жұмыстар жинақталған. Жергілікті тіл орталығының мамандары қонақтарға жаңа технологиялық ақпараттар, клубтар жұмысын паш етті. Үштілділік бағытындағы тілашарлар, телеарна арқылы көрсетілген сабақтардың дискілері бар. Орталық төлқұжаты мен әдістемелік материалдар таныстырылды. Конференцияда көтерілген мәселелердің бірі латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің жайы. Облыстық ресурстық тіл орталығынан келген мамандар осы тақырып аясында сөз қозғады. Одан соң қонақтарға тілдер орталығының тыныс-тіршілігі таныстырылды. Орталық оқытушылары өз әдістерімен бөлісті. Облыс қалаларынан келген қонақтар қазақ және ағылшын тілдерінде сабаққа қатысты. «Сіз ұлттық киім киесіз бе?». Оқушылар сарайының қызметкерлеріне мемлекеттік тілдің В1 орта деңгейінде осындай тақырыпта дәріс өткізілді. Одан соң келушілер клуб жұмысымен танысты. Этномәдени орталықтың қатысуымен өткен іс шараны тамашалады
Көктемнің келуіне бір аптадан аз уақыт қалды. Қаламызда «Көктем 2020» оқу жаттығулары өз жалғасын табуда.Кезекті шара зауыт аумағында өтті. Қала әкімінің орынбасары төтенше жағдай бола қалса, оған жұмылдырылатын салалар мен техника дайындығын тексерді. Себебі, апат ауқымы үлкен болса, барлық қызметтер дайын болуы шарт. Құрылым берілген уақытта бір жерге топтасты. Шұғыл әрекет ету тобында өрт сөндірушілер, құтқарушылар, дәрігерлер және полиция қызметкерлері бар. Егер ТЖ кезінде радиациялық қауіп төнсе оны жоюмен химиялық қорғау қызметі айналысады. Арнайы ертінді дайындап, аймақты залалсыздандырады. Одан кейін автокран, жүк тиегіш көлік және дәнекерлеушілер іске кіріседі. Барлық техника мен мамандар төтенше жағдайларға сақадай сай болып шықты
Балқаштық құтқарушылар жол магистраліндегі су өткізу құбырларын тазалады. Осылайша мамандар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындалуда.Төтенше жағдай қызметкерлері еріктілермен бірге тас жолындағы су өткізу құбырын тазалады. Бұл аумақ қысқы уақытта қар мен мұзға толып қалған. Көктемгі уақытта арықтар суға толып кетпеу үшін құтқарушылар алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Басқа аумақтарда жұмыс істеп жатқан құтқарушыларға қол ұшын созу үшін коммуналдық қызметкерлер келді. Северный көшесінде жүк тиегіш көліктің көмегімен олар тұрмыстық қоқыс пен шлактарды тазалады. Қар суына арналған арықтарды жергілікті тұрғындар қоқыспен толтырған. Тазалау жұмыстарына 4 арнайы техника мен 10-ға жуық коммуналдық қызметкер және құтқарушылар жұмылдырылды. Тазалау жұмыстары бірнеше аумақта жүргізілді
Дер кезінде көрсетілген көмек. Қалаға жақын маңда екі үлкен жүк көлігі қақтығысып қалды. Балқаштық дәрігерлер жол үстінде көлік апатынан зардап шегушіге көмек көрсетті.Жол көлік оқиғасының салдарынан 60 жастағы Камаз жүргізушісі алдыңғы әйнектен сыртқа ұшып кетеді. Куәгерлер бірден жедел-жәрдем шақырған. Ер адам далада, суық жерде 2 сағаттай жатып қалған. Зардап шегушіге жолай кезіккен, Қарағандыдан Балқашқа келе жатқан ақ халаттылар көмек береді. Зардап шегуші жедел жәрдем көлігімен қалалық ауруханаға жеткізілді
Балқашқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен боксшылар жиналды. Қаламызда еңбегі сіңген жаттықтырушылар Александр Апачинский мен Владимир Тулуповты еске алуға арналған бокстан республикалық турнир басталды. Төрт күн бойы 150-ге жуық спортшы денешынықтыру-сауықтыру орталығында бақ сынамақ. Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушылар Александр Апачинский мен Владимир Тулуповты еске алуға арналған бесінші республикалық турнир қала әкімі Ораз Таурбековтің қатысуымен өтті. Қала басшысы жарыстың ашылуымен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Бұл 12 жастағы балқаштық Олжас Жанғалиұлы үшін алғашқы жекпе-жек емес. Оның спорттың бұл түрімен айналысқанына биыл 6 жыл болған. Бірнеше мәрте облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпазы атанған. Бұл жолы да Олжас жеңіске қол жеткізді. Спорттық додаға боксшыларды қолдау мақсатында жанкүйерлер жиналған. Олар спортшыларды қол шапалақтап қолдады. Балқаштағы республикалық турнирге 150-ге жуық боксшы жиналды. Олар Қазақстанның түк-түкпірінен келген үздік спортшылар. 12 мен 14 жас аралығындағы боксшылар 16 салмақ дәрежесінде күш сынасуда. Денешынықтыру-сауықтыру кешені қабырғасындағы жекпе-жек төрт күнге созылмақ. Бейсенбі күні спортшылар жартылай финалда кездеседі. Жеңімпаздар есімі жұма күні анықталмақ
Балқаштық каратэшілер халықаралық турнирдің чемпионы атанды. Алматыда өткен спорттық дода Қазақстанның каратэ-до шотакан федерациясының алғашқы президенті Вячеслав Савкивті еске алуға арналды. Турнирге Қазақстан мен көршілес мемлекеттерден 400-ге жуық спортшы қатысты. Халықаралық спорттық додада Алан Қуаныш пен Елтаева Айана чемпион атанды. 9 жастағы Айана 23 келі салмақ дәрежесінде 2 рет кездесу өткізіп, жеңіске қол жеткізген. Оның бұл спорт түрімен айналысқанына биыл 3 жыл болған. Айана осы уақытқа дейін бірнеше мәрте республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды. Тынбай еңбек еткенімнің арқасында жеңіске жеттім дейді жас каратэші. Каратэ-до шотоканнан халықаралық турнирге облыс намысын қорғау үшін 36 спортшы барған. Спорттық дода нәтижесі бойынша облысымыздың 25 каратэшісі түрлі дәрежедегі медальдерге ие болды. Оның ішінде 18 жүлделі орын балқаштықтардың еншісінде. Спортшыларымыз шаһарымызға 2 алтын, 12 күміс және 4 қоламен оралды. Олардың арасында жас спортшы Мирас Ауэз қарсыластардың да ерекше қошеметтеріне ие болды. Себебі, тек ол ғана 8 кездесу өткізген. Нәтижесінде қола медальмен марапатталды
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login