Балқаш жаңалықтары 25.02.2020

  1. Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу туралы заң талқылануда. Заң жобасында халықтың, қоғам белсенділерінің пікірі толықтай ескерілуі тиіс. Сол үшін облысқа ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері келді.Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары, ғалымдар, журналистер мен блогерлер және қоғам белсенділері  қатысты.  Олар Қазақстан сияқты зайырлы мемлекет үшін бейбітшілік пен тұрақтылық маңызды екенін атап өтті. Деседе ел ішінде өз ойын еркін жеткізіп, билікке, ие болмаса өзге де ұйым жұмысына наразылығын білдіріп, шеру мен пикетке шыққан халықтың ұсыныс-пікірлері  аяқсыз қалмауы  тиіс. Демократиялық қоғамның басты нышаны болып есептелер, сөз бостандығына кепіл болатын заң жобасының озығы қайсы, тозығы қандай? Кеңес мүшелері осы мәселені қоғам белсенділерімен ашық талқыға салды. Кездесуде қоғам белсендісі Болат Сыздық заңды орыс тілінен тікелей тәржімалағанда мағынасын жоғалтқан — дейді
  2. Балқаштық құтқарушылар мұз  астына түсіп кеткен адамды құтқарды. Дәл осындай сценариймен қалалық қызмет өкілдері көктем кезіндегі төтенше жағдайларға дайындығын пысықтады. Құтқарушылар, полиция қызметкерлері, байланысшылар мен дәрігерлер. 24 сағат бойына шұғыл жағдайларда көмекке қаншалықты әзір? Оны тексеру үшін барлық мамандар судан құтқару бекетіне жиналды. Әр топ өз қызметтерімен таныстырып, техникасы мен құрал-жабдықтарын көрсетті. Енді мамандардың күшін іспен сынап көрсек. Сценарий бойынша мұз астына адам түсіп кетті деген дабыл берілді. Арнайы жасақталған топ адам өмірін құтқаруға аттанады. Бірнеше минуттың ішінде сүңгуір арнайы жабдықтарын киіп суға түседі. Әп сәтте суға кеткен адам құтқарылады. Оны зембілге салып, шұғыл түрде дәрігер маманға тапсырады. Ал, бұл уақытта Балқаш станциясындағы №24 мектептегі №4 эвакуациялық пунктінде зардап шегушілерді қабылдауда. Сценарий бойынша олар су тасқынынан көшірілген. Әуелі келушілерді тіркеп, одан соң бөлмелерге орналастырады. Қажет болса медициналық көмек көрсетеді. Ыстық тамақпен қамтамасыз етеді.
  3. Жұмыссыз балқаштықтардың назарына. Қаламызда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді. 26 ақпан сағат 11.00-де Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайында жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыссыз тұрғындарды күтеді. Жәрмеңкеде 445 бос жұмыс орны ұсынылмақ. Қаламыздағы 65 кәсіпорынға мамандар қажет, оның ішіндегі 13 мекеменің өкілдері ертең жәрмеңкеде болады. Ең көп сұраныста: педагогикалық мамандар, медицина қызметкерлері, коммуналдық, техникалық, экономикалық бағыттағы жұмысшылар және құрылыс саласының мамандары. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар, жастар тәжірибесі, шағын несие, әлеуметтік қолдаудың жаңа шарттары, аз қамтылған азаматтар және әлеуметтік қызмет көрсету порталын енгізу сұрақтары бойынша кеңес ала аласыздар
  4. Ендігіде қалалық медицина мекемелерінде де QR-кодтар бар. Оны сканерлеу арқылы бірден медициналық сақтандыру қорының сайтына кіре аласыздар. Кодты жапсырмалар, кепілдендірілген тегін көмек және медициналық сақтандыру пакеттері қорымен келісім шарт жасасқан орталық аурухана мен емханаларда бар. Мұндай мекеме Балқашта 5-еу. QR-кодтың көмегімен тұрғындар сайттан өздерінің құқықтары мен қажетті қызметтері туралы ақпараттарды ала алады. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бастау алған болатын. Тұрғындардың 31-ші наурызға дейін, тіпті сақтандырылмаған болса да медициналық пакетті алу мүмкіндігі бар. Бұл уақытқа дейін емделушілердің медициналық жүйені жете түсініп, емханаға тіркелуге мүмкіндіктері бар. QR-код арқылы мамандармен байланысқа түсіп, өздеріңізді толғандырған сауалдардың жауабын алуға болады
  5. Қазақстандағы ломбардтар есептік тіркеуден қайта өтулері керек. Ломбард қызметі ҚР Заңына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап микроқаржы қызметтеріне қарайды.2020 жылдың 1 шілдесіне дейін өз жұмысын жүзеге асыру үшін ломбардтар Қаржы нарығын басқару және дамыту жөніндегі агенттікте есептік тіркеуден өтуі қажет, одан кейін агенттік осы компанияларды қадағалауды жүзеге асырады. Есептік тіркеуден өткен микроқаржы ұйымдарының тізімімен www.finreg.kz ресми сайтынан танысуға болады. Естеріңізге сала кетейік, құқық қорғау органдары «Estate ломбард» және «Гарант 24» ломбард филиалдарын алаяқтық іс-әрекеттер жасады деп айыптаған болатын. Қаржы ұйымдары қазақстандықтардан үлкен сыйақы төлеуге уәде беріп, пайызға дүние-мүліктерін қабылдаған. Адамдар бірі несие алып, енді бірі өздерінің жылжымайтын мүліктерін де ломбардқа пайызбен өткізген. Нәтижесінде олар ешқандай пайда таппай, тіпті салынған ақшаны да қайтара алмай отыр. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері «пирамиданың» кейбір фигуранттарын анықтады
  6. Осыдан 1 жыл бұрын Балқаштағы барлық мектептерде «жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы ашылды. Оның құрамына 5 пен 10 сынып аралығындағы оқушылар қабылданған болатын. Қазіргі таңда олар мектеп қабырғасында жүріп, әскери дағдыларды үйреніп, жауынгерлік өмірге бейімделуде. 1 жылдың ішінде «Жас сарбаз» әскери патриоттық клубтарының арасында бірқатар жарыстар өткізілді. Мәселен, қаламызда өткен жылы оқушылар үшін «Қалқан», «Ұлан», «Айбын»  әскери байқаулары ұйымдастырылған. Жарыс жеңімпаздары облыста бірнеше мәрте қала намысын қорғады. Бұдан бөлек, жас сарбаздар арасында тұрақты түрде «Зарница» әскери-спорттық ойындары өтеді. Әскери-патриоттық клуб мүшелері арасында пневматикалық мылтық атудан жарыс өтті. Шара «Ұлы Жеңіске 75 жыл» аясында Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған.  Спорттық додада 60-тан астам жас сарбаздар бақ сынады. Жеңімпаздар алдағы уақытта облыстық жарысқа қатысатын болады.  Бұдан бөлек, желтоқсан айында Қарағанды облысындағы барлық қалалар мен аудандарда «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Оған облыстық бюджеттен  3 млн-нан астам қаржы бөлінген. Шаһарымызда тек  №8 орта мектептің 7-ші сынып оқушылары үшін 1 кабинет толығымен қажетті әскери жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оқушыларға параттық, күнделікті және спорттық киімдер берілді

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login