Балқаш жаңалықтары 19.02.2020

  1. Дәмді мереке! 24 ақпаннан бастап Славян халқы үшін масленица мерекесі басталмақ. Дәстүр  бойынша  бір апта бойы  дәмді  құймақтарды  пісіріп,  қонаққа  бару керек.  Осылайша қысты шығарып салып, көктемді қарсы алады.Балқашта 29 ақпан күні Мәдениет сарайының алаңына халық жиналып, мерекені ойын-сауықпен атап өтпек. Барлық қонақтарды қызықты эстафеталық ойындар, түрлі сайыстар, әндер мен билер күтеді. Сондай-ақ, балқаштықтарды халық аспаптары мен халық әндерінің караокесі байқауына қатысуға шақырады. Қатысушылардың жасы шектелмейді. Өтінімдер 26 ақпанға дейін Мәдениет сарайында қабылданады. Барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болады
  2. Балқашта үй жануарымен бірге ең жақсы сурет салу байқауы өтті. Қала еріктілері жануарларға көмектесу үшін қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Сурет байқауына 15 балқаштық қатысты. Үздік туындыларды әділқазылар алқасы таңдады. Бүгін рухани жаңғыру орталығында жеңімпаздар анықталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды. Туындылары үздік деп танылған №16-шы, 9-шы және 4-ші мектеп оқушылары болды
  3. Балқаштық 2 әйел Алматы облысының  дүкендерінен бірқатар ұрлықтар жасады. Олар бір күн ішінде жалпы сомасы 350 000 теңгеден асатын соманың тауарларын ұрлаған.Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша,тергеу барысында күдіктілердің Балқаш қаласынан келгені, қолдарына жас балалар ұстаған екі әйелдің апалы-сіңлілі туыс екені анықталды. Оларға бір күн ішінде тауар-материалдық құндылықтарды ұрлаудың бес дерегін жасады деген айып тағылған. Күдікке ілінген әйелдердің 1 жастан асқан және 7 жастағы бүлдіршіндері бар екені белгілі болды. Жеке басын тексеру кезінде туыстардан әйелдер мен балалардың ұрланған жаңа киімдері табылып, олардың кешен аумағындағы дүкендердің бірінен жымқырылғаны анықталды. Сонымен қатар, бейнебақылау жазбаларының көмегімен бұдан өзге, тағы төрт бутик және дүкенде орын алған ұрлықтарын мойындаған. Сонымен қатар, күдіктілердің бірінің қылмыстық тәжірибесі бар болып шықты. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы бутиктерден заттарды ұрлағаны үшін жауапқа тартылып, тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс сотқа жетпей, қысқартылған. Күдіктілердің кәмелетке толмаған жас балаларының бар екені ескеріліп, олар мекен-жайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды
  4. Қала намысын республикада қорғап келді. Балқаш Файтерс клубының спортшылары Жезқазғанда өткен джиу-джитсу турнирінде жеңіс тұғырынан көрінді.Республикалық додаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Ақтау, Сәтбаев, Жезқазған қалаларынан барлығы 300-ге тарта сайыскер келген. Джиу джитсу фулл контакт бөлімінен 70 келі салмақта Нүркен Құдайберген сынға түседі. Өз салмағында 3 қарсыласпен шығып, алтын тұғырға көтерілген. Ал, осы клубтың тағы бір спортшысы Александр Порохов болса, микс файт бөлімінен күміс жүлдегер атанды. Ол 55 келіде сынға түскен. Бұл Нүркеннің республикалық додадағы 2-ші жеңісі. Бұл жолы чемпион спорт шеберлiгiне үмiткер атанды. Дене шынықтыру сауықтыру кешенінің тәлімгері Солтүстік Қазақстан облысының кубогына ие болды. Айбат Нұрланұлы кикбокстан өткен 20-шы республикалық турнирден топ жарды. Айтулы бәсеке Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай өткізілген. Жастар мен ерлер арасындағы жарыста 200-ден аса спортшы болған. Енді Айбат сәуірде өтетін ҚР-ның чемпионатына дайындалмақ
  5. Австралиялық ғалымдардың зерттеуі бойынша адамның табиғи өмір сүру ұзақтығы 38 жыл. Олар, қазіргі адамдар медицина мен ғылымның жетістіктері мен салауатты өмір салтындағы маңызды өзгерістердің арқасында әлдеқайда ұзақ өмір сүреді деп хабарлайды. Ал Балқаштықтар бұл тұрғыда не ойлайды? Ұзақ өмір сүру немен байланысты? Қазіргі адамдардың жас болуының сыры неде? Сауалнама айдары

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login