Балқаш жаңалықтары 28.01.2020

  1. Қарағанды облысында  республикалық маңызы бар 10 автожол учаскелерінде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелді. Құтқарушылар ауа-райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілердің қала аумағынан шықпауларын сұрайды.Өткен тәуліктерде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облысымызда 13 авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген. Борап жауған қар мен көктайғақтан 30 адам құтқарылған, оның ішінде 4 бала  бар. Тағы 26 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Барлық тас жолдарда 30-ға жуық жылыту пункттері құрылған. Оның алтауына 97 адам орналастырылған. Мұндай апатты оқиғаларға тап бола қалсаңыз, төтенше жағдайлар мамандары 112 немесе 8 (7212) 43 36 36, 43 37 37 нөмерлер бойынша хабарласуды ескертеді
  2. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты жұқтырғандардың денелерін жаппай өртеуде деген ақпаратты жоққа шығарды. Комитеттің хабарлауынша, қытайлық пневмонияға байланысты үрей пайда болғаннан кейін, желіде жалған сайттар ашылып, жалпы халық арасында дүрбелең туғызған. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде және WhatsApp мессенджерінде вирус жұқтырғандардың саны миллионға жетіп, мыңдаған адам қаза тауып, олардың мәйіттерін жаппай өртеп жатыр деген қауесет тарауда. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп отыр.  Қазақстанда аталмыш жағдай медициналық қызметтер мен басқа мүдделі органдар мамандарының бақылауында. Денсаулық сақтау министрлігінде 1406 нөмірлі Call-орталығы құрылды. Оған қазақстандықтар қоңырау шалып, әлемді шарлап жүрген коронавирустың таралуы, оның алдын-алу шаралары мен аурудың негізгі белгілері туралы барлық ақпаратты біле алады
  3. Қала басшысына қояр сауалыңыз бар ма? Олай болса хат жолдап немесе әлеуметтік желіге жазу мүмкіндіктеріңіз бар. Түскен ұсыныстар мен сұрақтар 6 ақпан күні өтетін Ораз Тәуірбековтың жеке қабылдауында қаралатын болады.2020 жылдың 6 ақпанында Балқаш әкімі халық алдында есеп береді. Тұрғындар тарапынан қойылатын сауалдар қаламыздың 8 мекен жайында орналасқан жәшіктер арқылы қабылданады. Одан өзге Қоңырат мөлтек ауданы мен Балқаш станциясы тұрғындарынан да жергілікті жерлерінен ұсыныстар қабылданады. Өз сауалыңызды әкімдік сайтына немесе әлеуметтік желілерге де жолдай аласыздар. Сонымен қатар, есептік кездесу алдында 5 ақпан күні жеке сұрақтар бойынша бірыңғай азаматтарды қабылдау күні өтеді
  4. Номиналдық құны 200 теңгелік монеталар айналысқа шықты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк баспасөз қызметі хабарлады.Монеталардың сыртқы сақинасы нейзильберден, ал ішкі дискісі никельді жезден дайындалған. Қыры тегіс және бедерлі секторлармен кезектесіп отыратын 16 ойықпен бедерленген. Монеталардың орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, сырт жағын айналдыра QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY деген жазбамен бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін 2020 деген жазу бар. Ал бет жағының орталық бөлігінде номиналын білдіретін «200» деген сан жазылған. Төменгі бөлігінде — тарамдалған сызықтар аясында орындалған, ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін TEŃGE деген жазу. Айта кету керек, номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және айналыстан табиғи тозу шамасына қарай алынады
  5. Балқаштық 5 жасар балғын Республикалық күзгі Алаш  өнерлі жастар байқауында бас жүлдеге ие болды. Гүлім Мереке эстрадалық вокал номинациясы бойынша өнер көрсеткен.Гүлім Азаматқызы Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің даярлық сынып оқушысы. Музыка пәні мұғалімімен бірге ән айтып дауысын жаттықтыруда. Жас балғын 3 жасынан әнге жақын болған. Елордадағы Қарақат мектебінен жылға жуық тәлім алған. Жақында ғана Нұр-Сұлтанда өткен республикалық күзгі Алаш  өнерлі жастар байқауында жеңіс тұғырынан көрініп отыр. «Алаш» өнер-білім орталығының ұйымдастыруымен болған байқау Экспо кешенінде өткен. Осыған дейін бұл жарыстың 1-ші кезеңінен сүрінбей өткен, әнші қыз бұл жолы да үздік атанды. Сайысқа Атырау, Шымкент, Тараз, Ақтөбе және Алматы қалаларынан өнерпаздар қатысқан. 7-ге жуық қарсыласын шаң қаптырған Гүлім бас жүлдеге ие болады
  6. Балқашта тондар жәрмеңкесі өтуде. Көрмеге Ресейде тігілген «Эталон меха» фабрикасы өнімдерінің түр-түрі қойылған. «Бахыт» мейрамханасында өтіп жатқан жәрмеңкеден бағалы құндыздар, қара күзен, мутон тондарының алуан түрін еркін таңдауға мүмкіндік бар. Жәрмеңкеге жиналған нәзік жандылардың қарасы қалың. Олар өздеріне қазіргі уақытта киетін сыртқы киім іздеуде. Шыны керек, бірнеше қатарға ілінген ішіктердің арасынан таңдау жасау қиынға соғады. Себебі, бірінен-бірі өткен сәнді тондар көздің жауын алады. Пятигорск зауытында өндірілген «Эталон меха» тондары осы жолы да шаһарымызға келіп, балқаштықтарды қуантуда. Мұнда тек ресейлік фабриканың жоғары сапалы өнімдері ғана әкелінген. Бір емес бірнеше үлгідегі тондар әр қыз-келіншектің көңілінен шығатыны анық. Жәрмеңкеден ресейлік  өндірушілердің қолынан шыққан эксклюзивті  тондардың сан алуан түрін көруге болады. Соңғы үлгідегі сәнді, сапалы тондардың бағасы да қолжетімді. Тондар нәзік жандылардың жас  ерекшеліктеріне қарай түрлі талғаммен тігілген. Айта кету керек, тондар жәрмеңкесі «Бақыт» мейрамханасында өтуде. «Эталон меха» фабрикасы қыз-келіншектерді 2 ақпанға дейін таңертеңгі 10-нан кешкі 6-ға дейін күтеді. Қапы қалмаңыздар!
  7. Балқаштық спортшылар облыстық додалардан топ жаруда. Кикбокстан өткен облыс чемпионатында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгерлері 6 жүлделі орынға ие болды. Қарағандыда өткен кіші жасөспірімдер чемпионатына 160 спортшы қатысқан. Олар Теміртау, Қарқаралы қалалары мен Ақтоғай ауданының спортшылары. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балғындары бұл додадан 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген. Балқаштық спортшылар қоян-қолтық ұрыстан өткен ашық облыстық турнирден топ жарды. Турнир ҚР-ның еңбек сіңген жаттықтырушысы Сабиғолла Әлкейұлына арналған. Осы жекпе-жек сайысынан Балқаш Файтерс клубының мүшелері 1 алтын мен 5 қола медаль алды. Александр Порохов алтын тұғырдан көрінген. Өз салмағы 55 келіде 3 кездесу өткізіп, үшеуінде де қарсыластарынан басым болады

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login