Балқаш жаңалықтары 23.01.2020

  1. Қытайда коронавирус індетіне шалдыққандардың саны 600-ден асты. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті мәлімдеді. Қазіргі таңда коронавирустың жаңа түрі елдің 27 аймағына тарап кеткен. 17 тұрғын қаза тапты. Анықталған мәліметке сәйкес, 95 науқастың жағдайы мүшкіл. Ауруға шалдыққандардың көбісі эпидемия басталған Ухань қаласының азаматтары болып шықты. Қатерлі індет Қытай аумағынан сыртқа таралып үлгерген. Мәселен, Тайландта короновирустың жаңа түрі 3 адамда, ал Корея, АҚШ және Жапонияда бір-бір науқаста анықталды. Бастапқыда бұл вирус адамнан адамға берілмейді деп есептелді, кейінірек бұл теріске шығарылып, ауру жұқпалы санатқа ауыстырылды. Инфекцияның Қазақстан аумағына енуіне жол берілмеу үшін Қытайдан ұшатын ұшаққа қызмет көрсететін әуежайларда жолаушылар арнайы құрылғы арқылы тексерілуде. Сонымен қатар, елімізде қазіргі таңда  профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр
  2. «Балқаш» әуеайлағы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Енді кез-келген жойғыш, бомбалаушы, әскери-көлік авиациясы сынды ұшу аппараттарының, сонымен қатар, Boeing және Airbus түріндегі ауыр салмақты тікұшақтар қонып, ұшатын болады.52 жылдан кейін алғаш рет әуеайлақта күрделі жөндеу жүргізілді, ол 2 жылға созылды. Әуеайлақ 1967 жылы көлемі шағын ұшақтарды қабылдау үшін салынған болатын. Күрделі жөндеу жұмыстары мен қайта құрудан кейін әуеайлақта жауынгерлік кезекшілікті атқару қалпына келтіріліп, ұшу кезіндегі қауіпсіздік айтарлықтай жетілдірілген.  Қайта ашылған «Балқаш» әуеайлағы ҚР Қарулы Күштері әуе күштерін жұмылдыруды қамтамасыз ету, күш пен құралдарды ауыстыру үшін маңызға ие. Сонымен қатар азаматтық әуе кемелері үшін қосалқы немесе резервтік әуеайлақ ретінде пайдаланылуы мүмкін
  3. «Үлкенжүректің» балғындары иппотерапия емін алуда. Мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу әдісінің бұл түрін «тірі тренажер» деп атасақ та болады. Қоғамдық бірлестіктің тәрбиеленушілері жануармен серуендеп қана қоймай, емдік мақсатта қолданады. Оңалту орталығының тәрбиеленушілеріне ерекше қонақ келген. Ол пони тұқымдас ат —  Пломбир. Жануар балалардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді. Себебі атқа мініп, баяу жүру денені басқарып үйренуге, қимыл-қозғалысы мен сөйлеу белсенділігін арттыруға мүмкіндік бермек. Ресейден келген Пломбир небәрі 3 жаста. Бұлай аталуы түр-түсіне байланысты. Балқашқа былтыр күзде әкелінген. Барынша шыдамдылық танытып, әдістемелік жүйемен емдеген жағдайда аурудың салдарын түзетіп, баланы жүруге, сөйлеуге үйретуге және қоғамда өмір сүруге бейімдеуге болады екен. Балқашта ерекше балаларды оңалту иппотерапиясы «Үлкен Жүрек»   орталығында өтеді. Тәрбиеленушілер аптасына 2 рет, бала санынан қарай күніне 30-40 минут ерекше жануармен уақыттарын өткізеді. Пониге мініп, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алады
  4. «Ізбасар» көркемсөз оқу үйірмесі балқаштықтарды шақырады. Қалалық мәдени-сауық орталығы жанынан тегін үйірме ашылды.Үйірмеге өлеңсүйгіш оқушылар мен студенттер шақырылады. Көркемсөзге жас ерекшелігі 14 жастан жоғары 20-дан астам жасөспірімдер мен жастар қабылданбақ. Үйірме аптасына 2 рет өткізіледі, сейсенбі және бейсенбі күндері. Тілге шешен, өлең оқуға икемі бар, ақын шығармаларын сезініп, түсініп оқитын балқаштықтар үшін «Ізбасардың» есігі айқара ашық. Тәлім алу тегін түрде жүргізілмек. Үйірме жұмысы 1 ақпаннан бастап өз бастауын алмақ
  5. 23 қаңтар — қолмен хат жазу күні. Бұл дата, сандық ақпарат жаулап алған кезеңде ұмыт болған, қолмен жазудың маңыздылығын еске түсіруге арналады. Мерекенің күнтізбеге енгізілуіне Жазу құралдарын өндіру қауымдастығы бастамашылық еткен
  6. Байқасаңыздар соңғы кезде адамдардың жазуы өзгеріп, нашарланып кеткен. Бұл заманауи технологиялардың әсері: компьютермен жазуға дағдыланғанымыз соншалық, қолымыз жазуды ұмытты. Мамандардың айтуынша жазуға қарап адамдардың мінез-құлқын ажыратуға болады. Сондай-ақ, қолмен жазу арқылы жаңа тілді үйренген оңайырақ екені дәлелденген. Балқаштықтар қолмен жиі жазады ма? Оны бірге білейік. Ғалымдардың зерттеуі бойынша адамның арман-мақсаты ақ параққа түсіріліп отырса, 70 пайыз орындалатыны дәлелденген. Сондықтан, қазіргі сәттен бастап жоспарыңызды қағаз бетіне жазып отыруды әдетке айналдырыңыз
  7. Қыз-келіншектер назарына! Балқашта 28 қаңтардан бастап мәдениет сарайында тондардың көрме-сатылымы өтеді. «Эталон меха»  компаниясы жоғары сапалы қаракүзен, мутон тондарынан бастап паркалардың түр-түрін әкеліп сатпақ. Ең басты жаңалық кез-келген сырт киімге 50 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған. Бұл «Эталон меха»  сауда тобының Балқашқа алғашқы сапары емес. Сондықтан қалалықтар Ресейдің аталмыш компаниясының тауар сапасымен жақсы таныс. Осы жолғы көрме-сатылымға құндыз, түлкі, сазқұндыз, мутон, астраган сынды түрлі аң терілерінен жасалған тондар мен ішіктер қойылады. Бағалары да қолжетімді. Айта кету керек, көрме-сатылым мәдениет сарайында 28 қаңтардан  2-ші ақпанға дейін жалғасады.  Балқаштықтарды таңертеңгі 10-нан кешкі 7-ге дейін күтеді

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login