Заңсыз балық аулау тыйылмай тұр. Тағы бір балқаштық табиғатты қорғау қызметкерлерінің қолына түсті. Полицейлер Ақтоғай ауданы маңын тексеру кезінде 80 келіге жуық балық табады. Оны аулаған 37 жастағы Балқаш тұрғыны ұсталады. Заңсыз балық аулаушының 400 метрлік торы болған. Бүгінгі таңда «заңсыз балық аулау» фактісі бойынша тергеу амалдары басталды
Өткен жылы мас күйінде көлік тізгіндеген 200 балқаштық ұсталған. Оның 174-і жүргізуші куәлігінен айырылса, 20-дан астам адам құжатсыз рөлге отырғаны үшін қамауға алынған. 11 қаңтардан бастап мас күйінде көлік тізгіндегендерге қолданар жаза күшейді. Жүргізуші куәлігінен бұрынғыдай 3 емес 7 жылға айырылады, сондай-ақ 15 күнге әкімшілік қамауға алынады. Ал ішімдік ішкен күйде бөгде адамның денсаулығына зиян тигізсе 5 емес, 7 жыл көлік тізгініне отырмайды. Мастықты тексеретін зерттеуден бас тартса 15 күнге қамалып, 8 жылға көлік құралын басқара алмайды. Ал, отбасылық ұрып- соғудың айыппұлы алынғанымен, тұрмыстық зорлық зомбылықтың жазасы күшейді
Микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықты төлеуден 3 жылға босатылады. Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері балқаштық кәсіпкерлерге осы және өзге де салық кодексіндегі өзгерістер туралы айтты.2020 жылдың басынан бастап 2023 жылдың қаңтар айына дейін, арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан босатылады. Сонымен қатар бірыңғай жер салығын төлеушілер корпоративтік, жеке табыс салығын төлем көзінен ұсталатыннан басқа, әлеуметтік салықты және бірыңғай жер салығын төлемейтін болады. Айта кету керек, биылғы жылдан бастап жұмысшылардың еңбегін пайдаланбайтын, бірақ сылақ жұмыстарын, автомобиль көлігімен жүк тасымалдауды, такси қызметін және т.б. жұмыстарды жүргізетін кәсіпкерлер патентті қолдана алады. Бұдан бөлек, 2020 жылдан бастап біріңғай жер салығының төлемі 0,5%-ды құрайды және өндіріп алудың бірнеше түрлері жойылды
Шаһарымызда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласынан келген тарихшы, әрі Абайтанушымен кездесу өтті. Шара педагог қызметкерлердің қалалық ғылыми-практикалық конференциясымен жалғасын тапты.Оған ардагер ұстаздар, қалалық білім бөлімінің, тілдер орталығының, ішкі саясат бөлімі мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері және жас Абайтанушы оқушылар қатысты. Абай тағылымын жас ұрпаққа насихаттап жүрген Абайтанушы, тарихшы Мемлекет тарихы институтының ғалымы Жабай Қалиев конференцияның алғы сөзін бастады. Конференцияны Абай тағылымын жас ұрпақтың бойына дарытуда өзіндік үлесін қосып жүрген ұстаздар жалғастырды. Шара барысында Ұлы ақынның композиторлық шеберлігі туралы ой қозғалып, Абай атамыздың бала тәрбиелеудегі педагогикалық көзқарастары мен ағартушылық танымына баса назар аударылды
Коммуналшылар халық алдында есеп бермек. Мекеме басшылары қаңтар айының соңына дейін өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысын жасайды.Алғашқы есепті тыңдауға Қоңырат мөлтек ауданы мен Балқаш станциясының тұрғындары шақырылады. Есептік кездесу 22 қаңтар күні өтеді. Ал Балқаш тұрғындары коммуналшыларға 24 қаңтар күні өз сауалдарын қоя алады. Жиын оқушылар сарайы мен №7 мектеп-гимназиясында болады. 27 қаңтар күні 8-ші және 1-ші мектептерде мекеме басшылары балқаштықтарды күтеді.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login