Балқаштық көлік тізгініне ие бола алмай қоршауды қақты. Жол көлік оқиғасы кеше түнгі сағат 11-ден кете Уәлиханов көшесінде болған. Мерседес тізгінінде 20 жастағы жүргізуші болған. Қатқан мұздан дөңгелегі тайып, көлік қоршауды барып соғады. Абырой болғанда жүргізуші дін аман. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Ал Уәлиханов көшесіндегі саябақ қоршауының сынған бөліктері жиналып, әзірге бос тұр. Алдағы күндері қалпына келтірілетін болады. Бүгінгі таңда көлік жүргізуші тарапынан келтірілген шығын көлемі есептелуде
Қаламыздағы ашық тұрған кәріз құдықтары тексерілуде. Республикада «Қауіпсіз қала» акциясы өтіп жатыр. Аталған шара «Жас Отан» жастар қанаты мен Төтенше жағдайлар департаментінің бірлесуімен ұйымдастырылды. «Балқаш Су», «Су Жылу Транс», «Балқаш телеком» мекемелерінің және Балқаштың құтқарушылары төтенше жағдайлар басқармасының алдында сап түзеуде. Дәл осы жерден әр топ қаладағы құдықтарды тексеруге шықты. Бүгінде ашық люктер қаламыздағы басты проблемалардың бірі. Қазіргі таңда қалада 16 мыңнан астам кәріз және су құдықтары бар. Оның ішінде 13 мыңы «Балқаш Су» қарамағында болса, 2 мыңына «Су Жылу Транс» қызмет көрсетеді. Ал қалғанына «Қазақтелеком» мекемесі жауапты. 1 күннің ішінде жұмыс тобы 1,3,4,10 және 12-ші шағын аудандар мен Сатпаев шағын ауданындағы құдықтарды тексерді. Сонымен қатар, мамандар Ленин, Сейфуллин, Қараменді би, Қазбеков, Ағыбай батыр және Байсеитова көшелерін де аралап шықты. Акция нәтижесінде 81 ашық және ескірген люктер анықталды. Оны жақын арада мамандар қалыпқа келтіреді
19 қаңтар күні Құдайға шоқыну рәсімі өтеді. Дәстүр бойынша, таңертеңгі 8-ден бастап қалалық шіркеуде мерекелік қызмет басталады. Күндізгі сағат 12-де көлде арнайы әзірленген ойыққа крестті матырып, суды тазаламақ. Содан кейін мұздай суға түсуге рұқсат. Дін қызметкерлері шоқынуды діни сенім деп еске салады. Салт жора аурудан айықтырмайды және күнәлардан тазартпайды дейді. Суға шомылуға арналған орын жылдағы дәстүр бойынша айлақ маңында, жағадан 15-20 метрде болады. Ол жердегі мұздың қалыңды 40-42 сантиметрге жуық. Діни мереке күні суға шомылу орнында құқық қорғаушылар, дәрігерлер мен құтқарушылар кезекшілік етеді. Құтқарушылар суға сүңгудің алдында жаттығу жасап, денені қыздырып алған жөн деп кеңес береді. Айта кету керек, тыныс алу мүшелері мен жүрегі ауыратын, және ұстамаға бейім адамдарға салт-дәстүрден мүлдем бас тарту ұсынылады
Балқаштық оқушылар осы айда өтетін ҰБТ сынағына дайындалуда. Тестілеу еліміз бойынша 18-інен 20-шы қаңтар аралығында өтеді.Естеріңізге сала кетсек былтырғы жылдан бері мектеп бітіруші түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуді 4 рет тапсырады. Ақылы түрде қаңтарда, наурызда, маусым және тамыз айларында. Грантқа түсу үшін маусымда тапсырылатын сынақ тегін түрде өткізіледі. Ал осы кезеңге дейін қажетті ұпай жинай алмай және ақылы түрде оқуға түсетіндер үшін, тамызда өтетін тестілеу соңғы мүмкіндік болмақ. Қаламызда оқушыларды білім беру мекемелеріне даярлайтын орталық жұмыс істейді. Онда 5 пен 11 сынып оқушылары білімдерін жетілдіргеннен бөлек, мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-леуге дайындалады
Әл-Фараби және Отырар өркениеті. Осындай атаумен оқушылар сарайында плакаттар фестивалі өтті. Шара шығыстың ғұлама ойшылының 1150 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Оған атсалысуға 16 қала мектебінің 6-8 сынып оқушылары келді. Плакаттар аралас техникамен салынған. Абстракция және тұрмыстық жанр. Оқушылар Әл-Фарабидің бейнесін және туған жері Отырарды кескіндеген. Мұндағы әр плакат қазылар алқасының бағалауынан өтті. Фестиваль қорытындысы бойынша №1 мектеп оқушыларының жұмысы үздік деп танылды. Ал 1 орын №3 мектеп-интернатының қатысушыларында. 5 және 17, 25-ші мектеп оқушылары өзара 2-ші орынды бөлісті. Ал 3-ші сатыға №2 лицей мен 7-ші гимназия және №24 мектеп қатысушылары тұрақтады. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталды.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login