Қарағандыда алкагольді ішімдік ішіп көлік тізгіндеген азамат қамауға алынды. 11 қаңтардан бастап елімізде мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілік күшейген болатын.Облысымызда осындай заң бұзған азаматты құрықтау бойынша алғашқы дерек тіркеліп отыр. 11 қаңтарда полиция қызметкерлері автокөлікті мас күйінде басқарған Қарағанды қаласының 37 жастағы тұрғынын ұстады. Ол 2018 жылы сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған. Алайда, соған қарамастан, ол мас күйінде тағы да рөлге отырған. Оған қатысты сот санкциясымен қоғамнан оқшаулау жөнінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Бұл факті бойынша тәртіп бұзушыға өмір бойына көлік жүргізу құқығынан және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін
Балқаштық бизнесвумен өз кәсібін кеңейтті. Былтырғы жылы ол мемлекеттік грантты ұтып алып, шағын ателье ашқан болатын. Жаңа орталықтың салтанатты тұсау кесеріне кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалы басшысы мен БАҚ өкілдері қатысты. Үміт Бабағалиева осыдан 10 жыл бұрын үйде тігін ісімен айналысуды бастаған. 2019 жылы «Бастау бизнес» мемлекеттік жобасы аясында грант ұтып алып, шағын ателье ашты. Бүгінде оның ісі өрге домалап, кәсібін кеңейткен. Енді балқаштықтардың тапсырыстарын Үміт Бабағалиевамен қатар, тағы екі тігінші қабылдамақ. Бұл жерден түрлі нақыштағы ұлттық киімдерді көруге болады. Тіпті тастармен безендірілген сәукеле де, тойбастарға арналған қоржындар да, күнделікті киіуге арналған көйлектер де бар. 3 күннің ішінде кез келген адамның ойындағы киімін де, күрткені де дайындап бере аламыз дейді кәсіпкер. Қалпына келтіру жұмыстарына небәрі 1 сағат уақыт кетеді. Жаңа ателье «Ақ сораң» сауда орталығында ашылды. Балқаштықтар үшін тігіншілер күнде таңертеңгі 10-нан кешкі сағат 7-ге дейін үзіліссіз, әрі демалыссыз жұмыс істейтін болады
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін жаза бұдан былай қарастырылмайды. Бұл ереже Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен алынып тасталды. Жаңа заң 11 қаңтардан бастап өз күшіне енді.Бұрын «жанжалқой» отбасылық бюджеттен айыппұл төлейтін. Одан әйелі мен балалары зардап шегеді. Енді жанжал шығарғаны үшін үш тәулік емес, бес тәулікке қамауға алынады. Яғни, жауапкершілік күшейтілді. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алу және зардап шеккендерді қорғау үшін жасалған. Ал қол жұмсау және денеге зақым келтіргені үшін кінәлі адам 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Егер үнемі ұрып-соғу болса, онда қылмыстық кодекстің азаптау бабы қолданылады. Аталған баптың бірінші бөлігіне сәйкес 2 жылға дейін, ал екінші бөлігінде 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған
2019 жылғы ең жоғарғы жалақы 7 млн тг-ден асады. Мұндай мәліметті соңғы 10 жылды бағамдаған ҚР-ның статистика комитеті беріп отыр.Статистикаға сүйенсек 2009 жылы ең төменгі жалақыны бақташылар, кондитерлер, жылқы бағушы мен омарташылар алған. Соңғы 10 жылдықта жоғары жалақыға ие болғандар авиациялық сала мамандары мен қонақ үйлердегі қоғамдық тамақтану қызметінің басқарушылары, мұнай мен газ өндіруші инженерлер. 2019 жылы 7 млн-нан аса көлемде ең жоғарғы еңбекақы тіркелген. Оны алған құрылыс жобасының бас технологы. Ең төменгі төлем мұрағат қызметкерлерінде, 42 мыңнан сәл асады. Аталмыш деректер еліміздің әр өңірінен тіркеліп отыр
Шаһарымызда қыс қаһарына міне қоймады. Дегенмен алдағы күндері жел соғып, аздаған қар жауады. Ертең сынап бағанасы 7-9 градусты көрсетеді. Түнде 20 метр секундқа дейін жел ұйытқиды. Сәрсенбі сынап бағанасы күндіз минус 3-5, ал түнде 11-13 градусты көрсетеді. Ал демалыс күндері күннің ызғары арта түспек
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login