Балқаш жаңалықтары 09.01.2020

  1. Қарағанды облысының полицейлері заңсыз балық аулаған Шұбар Түбек елді мекенінің 2 тұрғынын ұстады. Олардан 2000 метрге жуық қытай торы мен 100 келіден астам балық тәркіленді. Заңсыз балық аулаушылар «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған. 6 қаңтар күні Ақтоғай ауданындағы Шұбар-түбек кентіне жақын жерден ВАЗ-2105 көлігін тізгіндеген 43 жастағы және УАЗ көлігін басқарған 46 жастағы екі ауыл тұрғындары ұсталды. УАЗ автокөлігінің ішінен 95 келі балық пен 1400 метр қытайлық тор табылды. Сондай-ақ, ВАЗ 2105 автокөлігінің жолаушылар бөлімінде 300 метр қытай торы мен 6 келіден астам балық болған. Ұсталғандар өздерінің Балқаш көлінен заңсыз балық аулағандарын мойындады
  2. Елімізде тыныштықты бұзғаны үшін қолданылатын жаза күшейтілді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Түнгі уақытта, яғни 23.00-ден таңғы 6 –ға дейін тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында тұрғындардың қалыпты демалысы мен тыныштығын бұзғандардың айыппұлы артады. Жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш,  13 мыңнан аса айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлік немесе коммерциялық емес ұйым субъектілері 53 000 теңге төлейтін болады. Орта кәсіпкерлік субъектілері 80 мыңға жуық, ірі кәсіп иелері 260 мыңнан аса айыппұл өтемек
  3. Қарағанды облысында 2017 жылдың шілде айынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 20 млрд теңгеден астам қаржы аударылды.  Бұл қаражат денсаулық сақтау ұйымының Міндетті Әлеуметтік Медициналық Сақтандыру пакеті аясындғы пациенттерге,      медициналық қызмет көрсетуге  жұмсалады. 2020 жылдың 31 наурызына дейін елдің барлық тұрғындары «шартты түрде сақтандырылған» деп есептеледі. 1 сәуірден бастап «сақтандырылған» мәртебесі медициналық сақтандыру қорына үнемі жарна төлейтіндердің қолында болады. Жұмыскер үшін жалақы қорынан 2% көлемінде аударымдарды және жалақыдан ұсталатын 1%  қаражатты жұмыс беруші төлейді. Дербес төлеуші емханаларда орнатылған банктер, Қазпошта немесе терминалдар арқылы өзі аударады. Енді медициналық көмектің екі пакеті болады. Бірі тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі, екіншісі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Міндетті Әлеуметтік Медициналық Сақтандыру амбулаториялық-емханалық көмекті, күндізгі стационарда болуды және емдеуді, оңалту мен қалпына келтіру емін қамтиды. Ал тегін базалық пакетке басқаларға қауіп төндіретін әлеуметтік маңызы бар ауруларға медициналық көмек, тасымалдау, соның ішінде санитарлық авияция, жедел жәрдем және профилактикалық екпелер кіреді. Медициналық сақтандыруға қатысты кез келген сұраққа 1406 номеріне хабарласу арқылы жауап алуға болады.  Айта кету  керек, қоңыраулар Қазақстан бойынша кез келген телефоннан тегін шалынады
  4. Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылдау жүріп жатыр. 6 сынып оқушыларының қаңтар айының соңына дейін құжат тапсыруға мүмкіндіктері бар.Дербес білім беру ұйымының облыстағы филиалы – Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қабылдау жүріп жатыр. Талапкерлер Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау жөніндегі конкурсқа қатыса алады. Грант оқушының тегін білім алуына мүмкіндік беріп, тамақ пен мектеп киімінің шығынын өтейді. Сондай-ақ білім ордасында облыстың алыс аудандарынан келген оқушыларға арналған 120 орындық жатақхана бар. Құжаттар Қарағанды қаласы, Шахтерлер даңғылы, 62 мекенжайы бойынша қабылдануда. Толық ақпаратты 8 (7212) 55-88-80 телефоны арқылы білуге болады
  5. Балқаштық бишілер халықаралық конкурстың жеңімпазы атанды. Шығармашылық фестиваль Алматы қаласында өтті. Оған 7-13 жас аралығындағы Өзбекстан, Нұр-сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау және Балқаш қалаларынан келген 70-ке жуық бала қатысты. Сайыста «Ақ Маржан» хореографиялық ұжымының 2 тобы шаһарымыздың намысын қорғады. Балқаштық бүлдіршіндер құрамы «Ковбой» биін билеп, гран приге ие болды. Ал ұжымның ортаңғы тобы мысыр биі үшін 1 орынды қанжығаларына байлады. Ансамбльдің қатысушысы Тамерис Серікхан болса, жеке өнер көрсеткен үшін үздік атанды

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login