Балқаш жаңалықтары 18.12.2019

  1. 17 желтоқсан күні Балқаш қаласынан 37 шақырым қашықтықта «Toyota Prado»  автокөлігімен «Балқаш-Саяқ» бағытындағы жүк пойызы соқтығысты. Оқиға салдарынан автокөлігінің жүргізушісі мен оның 33 жастағы жолаушысы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Көліктің 47 жастағы жолаушысы әртүрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді. Ауруханаға жеткізілген зардап шегуші реанимация бөліміне жатқызылған. Бүгінде оны травматология бөліміне ауыстырды. Ер адам ауыр жарақат алмаған. Дәрігерлер жағдайын орташа деп бағалап, өміріне қауіп жоғын жеткізді. Кейбір деректер бойынша қаза болғандар мен зардап шегуші «Қазақмыс Смэлтинг» цехының басшылары деген ақпарат бар. Сол күні олар аң аулауға шыққан екен
  2. Балық аулаймын деп бақилық болды. Екі балықшы көлге шығып хабарсыз кеткен. Қайғылы оқиға Ақтоғай ауданының Ащыөзек станциясында болды. Олардың балыққа кетіп хабарсыз кеткенін туыстары хабарлаған. Құтқарушылар іздестірудің бірінші күні жағалаудан 600 метр жерден мұз құрсауынан 46 жастағы балықшының денесін табады. Келесі күні екінші 40 жастағы адам табылады. Құтқару шарасына 6 адам мен 2 техника жұмылдырылған
  3. Көлде болған төтенше жағдайларға байланысты құтқарушылар сақтық шарасын күшейтуде. Рейдтер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.Көл үстіне шатырын тігіп, балық аулауға кіріскендердің қарасы көп. Рейд барысында 75-ке жуық балықшыға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар 4 күндік демалыста дабыл қағып, тұрғындарды ескертіп жүр. Арнайы рейд жүргізуге негіз де жоқ емес. Оған қоса мұз бетіне көлікпен шығуға қатаң тыйым салынған. Балық аулауға шықсаңыз байқаңыз. Мұз үстіне түнде, тұман, жаңбыр, қар жауып жатқан кезде шықпаңыз. Балаларды еш уақытта өз бетінше мұзда сырғанақ тебуге жібермеңіз. Мұздың қалыңдығын тексеру үшін, мұзды аяғыңызбен тепкілемеңіз. Таяқпен қатты ұрғанда су шықса, мұндай жерге шықпаңыз. Суайдынынан өту үшін мұз өткелдерін пайдаланыңыз. Өзіңізбен бірге ұзындығы 20-25 м болатын мықты арқан алыңыз. Оның бір жағында ілмек, екінші жағында салмақты зат байлаулы болуы тиіс. Егер біреу мұз ойылып түсіп кетсе, оған ілмектен ұсталынатындай етіп арқанды лақтырыңыз. Қысқы мерзімде мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін толық сақтап, мас күйде мұзға шықпаңыз
  4. Қала әкімі баспаналы болған аналарға базарлық алып барды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шаһарымызда көпбалалы аналарға 21 пәтер сатып алынған болатын. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 13 отбасы баспаналы болды. Шаһар басшысы Ораз Тәуірбеков екі шаңыраққа қоныс құтты болсын айтып, тұрмыстық техникаларды сыйға тарты. Ендігіде отбасы мүшелері жаңа жылды жаңа қоныста қарсалмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Балқашта көпбалалы аналарға арналып 21 пәтер сатып алынды. Оның 14-і үш, ал 7-еуі төрт бөлмелі. Бүгінде 13 баспана өз иелеріне табысталды. Жыл соңына дейін 8-і берілмек. Бұл жекешелендіруге жатпайтын, арендалық пәтерлер. Иелері айына үйдің шаршы метріне сәйкес 4000-нан 5 жарым мыңға теңгеге дейін төлейтін болады
  5. Балқашта Тәуелсіздік Күні 10 нәресте дүниеге келді. Бұл соңғы жылдары мереке қарсаңында жаңа туған сәбилердің саны бойынша рекордтық көрсеткіш. Қала әкімі Ораз Тәуірбеков дүниеге келген бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын құттықтады.Қала басшысы жаңа туған сәбилердің палаталарына барып, жұмсақ ойыншықтар мен олардың аналарына гүл шоқтарын сыйлады. Тәуелсіздік Күні балқаштық тұрғындардың саны 10 адамға көбейді. 16 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 4-те Сезім есімді есімді қыз бала өмірге келді. Ал 1 сағаттан кейін Даниал есімді бала дүние есігін ашты. Мереке күні соңғы болып түңгі уақытта Каусар және Өмірғали Хан өмірге келді. Жаңа туған балқаштық 12-ге 2 минут қалғанда мереке күні дүниеге келгендер тізіміне еніп үлгерді. Сәбилердің аналарының көбісі басқа аудандардан келген екен.  Сарышаған станциясының тұрғыны Ринат Байдрахман Тәуелсіздік Күні көп балалы ана атанды
  6. Балқашта Тәуелсіздік Күніне орай мерекелік концерт өтті. Шара мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына  орай театрланған қойылыммен басталды. Ақынның құрметіне көрсетілген қойылымды №7 мектеп-гимназияның оқушылары сомдап шықты. Олар қазақтың саяси қайраткерінің әйелі Гүлбахраммен қарым қатынасы мен Сәкен Сейфуллиннің тұтқынға алынуынан үзінді көрсетті. Ал мерекелік бағдарламаның екінші бөлімінде сахнаға мәдени ойын-сауық орталығының әртістері шықты. Олар патриоттық және қазақтың халықтық әндерін орындап, би билеп, домбыра тартты
  7. Демалыс күндері волейболдан үздік қыздар командасы анықталды.  Спорттық доданың финалдық кезеңі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде өтті. 5 желтоқсан күні басталған жарысқа 15 команда қатысты. Қыздар құрамасы 10 күн бойы №2 лицей мен №15 мектеп спортзалында өзара бақ сынасты. Финалдық кезеңде 4 команда кездесті. Олар №7, 15, 16 мектептер мен 2-ші лицей интернатының оқушы қыздары.  Ақтық кезеңде №7 мектеп командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды №15 мектеп қанжығаларына байласа, 3 орынға 16 мектеп құрамасы ие болды. Жеңімпаздардың барлығына кубоктар, мақтау қағаздары мен медальдар табысталды.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login