Балқаш қаласындағы балабақшалар бүлдіршендердің ойлау қабілетін дамыту және олармен жұмыс істеу әдістерімен өзара бөлісті. Қаламызда мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен облыстық форум өтті.
«Ертөстік» балабақшасының қызметкерлері ерекше қажеттіліктері бар балалармен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. 9 жыл бұрын бұл жерде 2 түзету бөлмесі ашылған болатын. Бұдан бөлек, шара барысында қаламыздағы 4 балабақша орталығының жұмыстары таныстырылды. Атап айтсақ, халықтық педагогика, мектепке дейінгі жастағы балалардың денсаулығын қалай сақтау керектігі және бүлдіршіндерге дойбыда ойнауды үйрету тәсілдері көрсетілді.
Балқаштық балабақшалардың қолдан жасалған өнерлері көрмеде көрсетілді. Әр мекеме өздерінің жұмыстарымен таныстырды. Олардың арасында «Жұлдыз» балалабақшасы да бар. Мекеме қызметкерлері бүлдіршіндермен бірлесіп асықтан түрлі заттар жасаған көрінеді. Мәселен, бұл жерден ерекше музыкалық аспаптарды да, киіз үйді де, есепшотты да, тіпті уқалау процедурасына арналған жабдықтарды да көруге болады.
Гүлмира Байбек –«Жұлдыз» балабақшасының әдіскері: «Ерекше балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытады. ұсақ қол маторикасын дамытады. Балаларға денсаулық саласы бойынша да көмегін тигізеді. Сол үшін біз асық терапиясын алдық»
Қаламызда мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлеріне арналған форум екінші рет ұйымдастырылып отыр. Біріншісі былтыр қалалық деңгейде, ал биыл облыстық дәрежеде өтті. Балқаштық балабақшалардың жұмысымен көрші аудандар мен облыстан келген мамандар танысып қайтты.
Күлпаш Жакишева форум қатысушысы: «Былтыр мысалы қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өтсе, биыл облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өтіп отыр. Енді екеуінің айырмашылығы былтыр балабақшаларда тек қана форум өтетін болса, биылғы жылы көршілес қалалардан келген қонақтарда әр балабақшаларда өз бағыттары бойынша жұмыстарын көрсетті»
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login