Балқаш жаңалықтары 03.12.2019

  1. Өткен демалыста Балқашқа облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапармен  келді. Абзал Нүкенов әуелі жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты. Одан соң «Үлкен жүрек» оңалту орталығына барды. Әлеуметтік бейімдеу орталығы жақында 10 жылдығын атап өткен болатын. Орталық басшылығы облыстан келген қонақты кабинеттермен таныстырды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін логопед-дефектолог, психотерапевт, денешынықтыру, емдік педагогика кабинеттерін аралап, тәрбиеленушілердің өнерін тамашалады. «Үлкен жүрек» жетекшісі алдағы жоспарларымен бөлісті. Абзал Нүкенов оқушылар сарайына да бас сұқты. Ондағы қолөнер, би, авиамодельдеу, радио мен роботты техника үйірмелерінің жұмысын көрді. Оқушылар қолынан шыққан түрлі туындыларды тамашалап, балалар шығармашылығына өз бағасын берді
  2. Балқаштық белсенді жастар қала әкімінің сыйлығына ие болды. 11 адам түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Жеңімпаздарға жастар форумында құрмет көрсетілді.Биылғы жылы сыйақы мөлшері 100 мың теңгеге дейін өскен. Әсем Ерғали «Жыл оқушысы», ал Жангер Мырзақұл «Жас дарын» номинациясына ие болды. Спорт саласында жеткен жетістіктері үшін Ерасыл Ермек марапатталса, Тоқтар Амантай «Жыл студенті» атанды. «Жас жұмысшы» болып Әділжан Бейсембаев танылды. Ал үздік «Жас мемлекеттік қызметкер» атағына Мәди Оразбаев ие болды. Қала әкімі сыйлығының «Жас кәсіпкер» номинациясы Оралхан Бағланға табысталды. Шара барысында Амангелді Джомабаев «Жыл патриоты», ал Мереке Сағымбекова «Жас маман» деп танылды. «Өркен» сыйлығының «жас белсенді» атты арнайы номинациясы Сергей Богомоловқа берілді. Ал басты сыйлық «Жастар лидері» атағына Маржан Темірғали ие болды. Жастар сыйлығынан кейін  қала әкімінің грант иегерлері марапатталды. 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа  4 адам, яғни ветеринарлық дәріхана, жұмсақ ойыншықтарды тігетін цех, ойын клубы мен серфинг тақтасын жалға беретін кәсіпкерлер ие болды. Одан бөлек, қала кәсіпкерлері мен өнеркәсіп иелерінің бірлескен қоғамдық қоры кәсібін бірге енді бастап келе жатқан 5 кәсіпкерге  автожөндеу кешенін ашу үшін 5 миллион теңге көлемінде қаражатты табыстады.  Осылайша жастар жылы қорытындыланды. Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы 2020 жылды еріктілер жылы жариялаған болатын
  3. Балқашта алғаш рет еріктілер клубы ашылды. Балқашқа іс-сапармен келген облыс әкімінің орынбасары «Жас Орда» еріктілер клубының ашылу салтанатына қатысты. Абзал Нүкенов қала басшысымен бірге орталықтың негізгі 4 бағытымен танысты. Атап айтсақ, экологиялық, мәдени, әлеуметтік және спорттық еріктілік. Қаладағы алғашқы волонтерлік орталықты жабдықтауға 2 миллионға жуық қаражат жұмсалды. Бұған дейін бұл жерде бірнеше уақыт бойы жабық тұрған аула клубы болған еді. Ендігі кезекте қала тұрғындары аталмыш орталыққа келіп демалып, уақыттарын тиімді пайдалана алады. Қазіргі таңда қаламызда 100-ден астам ерікті бар. Енді олар идеяларымен өздерінің клубтарында бөлісе алады. Айта кету керек, орталық Сабитова ықшам ауданында орналасқан. Таңертеңгі сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін жұмыс істейді. 14 пен 29 жас аралығындағы кез келген жастар клубқа мүше бола алады
  4. Шаһарымызда демалыс күндері ветеринарлық дәріхана ашылды. Енді балқаштықтар өздерінің үй жануарларына кез келген дәрумендер мен антибиотиктерді сатып ала алады.Дәріхананың қожайыны жерлесіміз Аят Омаров. Жас кәсіпкер қыркүйек айында қала әкімінің 1 миллион теңге көлеміндегі грантын ұтып алған болатын. Қаражат жабдықтарға, дәрі-дәрмектерге және дәріхананы жалдауға жұмсалды.Балқаштық кәсіпкер Алматы қаласының жоғары оқу орнында «Ветеринарлық медицина» мамандығын тәмамдады. Ендігі кезекте ол қала тұрғындарына үй жануарларына дәрумендер мен антиобитиктерді таңдауға көмектеспек. Ветеринарлық дәріхананың ашылуына облыс әкімінің орынбасары  мен қала басшысы қатысты
  5. Тұңғыш Президент Күніне орай Балқашта республикалық дебат турнирі өтті. 2 күн бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қара сөз шеберлері әлемдегі өзекті мәселелер мен оны шешу жолдарын талқылады.Пікірсайыс политехникалық колледжде өтті. Турнирге 30 команда қатысты. Олар Теміртау, Қарағанды, Саран, Жезқазған, Шымкент, Қызылорда және Нұр-Сұлтан қалаларынан келген студенттер. Турнирдің бірінші күні олар білім беру жүйесіндегі жаңа енгізілімді талқылап, Қазақстандағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Ал екінші күні сөз шеберлері экологияны сақтаудың тиімді тетіктері туралы пікірсайысты. Оларға әділқазы мүшелері баға берді. Турнирдің 1-ші және 2-ші орындарын қарағандылық командалар иеленсе, 3 орынды Теміртау қаласының сөз шеберлері жеңіп алды
  6. Өнер мектебінің оқушылары Күләш Байсейтова атындағы шәкіртақы иегерлері атанды. Жыл сайын берілетін бұл сый биыл екі оқушыға тағайындалған.Күләш Байсейтова атындағы шәкіртақы өнер мектебінде соңғы жыл оқитын  түлектерге беріледі. Өнер мектебінде шығармашылығымен көзге түсіп, республикалық, халықаралық конкурстардың жүлдегері болған шәкірттерге тағайындалады. Биыл бұл марапатқа 2 оқушы лайықталған. Бірі флейта класының оқушысы Дана Исламғалиева, екіншісі скрипка класының түлегі Анел Малыбаева.  7 жыл қатарынан беріліп отырған шәкіртақы, биыл өнер мектебінің 2 оқушысына 5 мыңнан желтоқсан айынан бастап оқу жылының соңына дейін төленетін болады
  7. Балқашта кикбоксингтен жасөспірімдер арасында ашық қалалық турнир өтті. Тұңғыш Президент күніне орай өткен спорт бәсекесіне 70-ке жуық кикбоксші қатысты. Олар балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, денешынықтыру сауықтыру орталығы және Шашубай кентінің оқушылары. Шаршы алаңдағы айқаста көш басында 7 алтын, 6 күміс, 7 қола медальға қол жеткізген денешынықтыру сауықтыру кешенінің тәлімгерлері. Ал 7 алтын, 5 күміс, 4 қола еншілеген балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары 2 орында. Шашубай кентінің жасөспірімдері болса турнирде 1 алтын мен 4 күміс, 3 қола медальге қол жеткізді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login