Балқаш жаңалықтары 25.11.2019

  1. Үш күннің ішінде балқаштық полиция қызметкерлері 70-ке жуық балқаштықты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қаламызда «Қауіпсіз жол» акциясы өтті.Хаттаманың басым бөлігі қауіпсіздік белдігін тақпаған көлік иелеріне тиесілі. Бұл ережені 18  адам бұзған. 8 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермесе,  3 адам рөлде отырып ұялы телефонмен сөйлескен. 4 балқаштықта жүргізуші куәлігі болмаған. Ал 1 тұрғын  мас күйінде рөлге отырған. Одан бөлек 30-ға жуық жаяу жүргінші тиісті емес жермен жолды кесіп өткен. Барлығыда жол ережесін бұзғаны әкімшілік жазаға тартылды
  2. Жауған ақ ұлпа коммуналшыларды әдеттегіден ертерек жұмысқа шығарды. «Горкомхоз» мекемесінің жұмыскерлері таңғы бестен бастап қар тазалады. Жолға 17 тонна  тұз аралас құм септі. Бұл жұмыстарға 40 адам жұмылдырылған. Олар бірінші кезекте қаланың орталық көшелерін, мектептер мен балабақшалар маңайын  қардан аршып, арнайы техникамен тұз аралас құм сеуіп шыққан. Ал түстен кейін Қоңырат мөлтек ауданы мен Балқаш станциясына барды. Жалпы қыс мезгіліне 700 тонна тұз аралас құм сатылып алынған. Қар түскен кезде тазалық жұмыстары тәулік бойы екі ауысымда жүргізіледі. Көше қарын тазалауға күндіз 6, түнде 4 техника, сонымен қатар, қосымша жүк аударғыш және тиеуші машиналар жұмылдырылады
  3. Түнде түскен қар теңертең жүргізушілерді әлекке салды. Жазғы дөңгелекпен жүргендер таңнан бастап оны ауыстырудың қамына кірісті. Алайда қазір барлық техникалық қызмет көрсету орталықтарында ұзын сонар кезек. Бірден дегеніңіз бола қоймайды. Қызмет құны биыл өспеген. 3 мың теңгеден 8 мың теңгеге дейін. Бәрі де көліктің түріне байланысты. Желтоқсан айына дейін барлық көлік иелері қыстық дөңгелекке көшулері тиіс. Заң бойынша қыстың алғашқы айынан бастап ереже бұзғандар әкімшілік жазаға тартылады.  Яғни 12 мың тг астам айыппұл салынады
  4. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі балқаштық жазушы, журналист Жанболат Башар 70 жасқа толды. Қаламгердің мерейтойына орай   мәдениет сарайында шығармашылық кеш өтті. Онда  жазушының «Жалғанның жүзі» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Баспадан енді шыққан туындыда сонау ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдарында бір әулеттің басынан өткерген қайғы-қасіреті суреттелген. Бұл Жанболат Башардың 10-шы кітабы. Қарымды қаламгер биыл 70 жасқа толып отыр. Журналистік еңбек жолын Балқаш қалалық телестудиясында қатардағы редактор болып бастап, кейін бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. 2001-2016 жылдары яғни 15  жыл бойы «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы болып еңбек етті. Екі рет Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Тіл жанашыры» сыйлығының иегері.  Шығармашылық кеште жазушылар мен журналистер және өнер қайраткерлері Жанболат Башарды мерейтойымен құттықтап, өз тілектерін жеткізді
  5. Балқашта 40-тан астам адамға тегін құқықтық көмек көрсетілді. Қалада  республикалық «халықтық заңгер» акциясы өтті. Заңгерлермен кездесу үшін тұрғындар кешкі сағат бесте  «Күлия» сауда орталығына жиналды. Бұл күні балқаштықтарды түрлі сұрақ бойынша 13 маман қабылдады. Олар қорғаушылар, нотариустар, жеке сот орындаушылары және биыл алғаш рет корупцияға қарсы күрес агенттігінің өкілі қатысты. Халықтың заңгер акциясы бір күнде Қазақстанның барлық өңірінде өткізілді. Оны 19 қала мен 127 елді мекен қолдады. Қарағанды облысы бойынша 1200 адамға тегін құқықтық көмек көрсетілді. Ал Балқашта мамандар қабылдауына 40 тас астам адам келді
  6. 100-ге жуық балқаштық мұғалім зерттеу дағдыларын арттырып, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті. Демалыс күндері №4 орта мектепте қаламыздың ұстаздарына арналған семинар өтті.Оған №1, 3, 10, 17 мектептердің, 7 гимназияның, «Зияткер» мамандандырылған мектеп-интернаты мен Гүлшат кентінің мектебінің мұғалімдері қатысты. Семинар барысында олар топ-топқа бөлініп,  логикалық тапсырмаларды орындады. Мысалы ұстаздарға А3 форматты қағазға лупа, дәптер, журнал, сауалнама, нысана, минус-плюс таңбалары, фотоаппарат және шиыршықтың суреттері салынған картиналарды 3 минуттың ішінде логикалық тізбек бойынша тігіп шығу керек болды. Уақыт аяқталғаннан кейін әр топтан 1 адам ортаға шығып, жұмыстарын көпшілікке таныстырды. Бірнеше сағаттың ішінде мұғалімдер өзін-өзі тануды пәнін басқа пәндермен қалай біріктіру керектігін үйренді. Сыныптағы топтық жұмыс барысында жүргізілетін ғылыми зерттеудің белсенді әдістерімен танысып, әр мектептен келген мұғалімдер сабақ үйретудегі өзіндік тәжірибелерімен бөлісті
  7. Шаһарымызда «Бастау Бизнес» бағдарламасының қатысушылары спартакиадаға қатысты. Болашақ кәсіпкерлер бір-бірлерімен танысып, жылды қорытындылау үшін тимбилдинг ұйымдастырылды. Аталмыш бағдарламаның қатысушылары балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде кездесті. 100-ге жуық адам 4 командаға бөлініп, жылдамдық пен ептілік бойынша сынға түсті. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, медальдармен марапатталды. Кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Бастау Бизнес» бағдарламасына  биыл Балқаштан 200-ден астам тұрғын қатысты. Олар жұмыссыздар, көп балалы аналар, мүмкіншілігі шектеулі адамдар, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар және АӘК алатын тұрғындар. Бір айдың ішінде олар өз ісін қалай ашуды және бизнес-жоспар құруды үйренді.  Нәтижесінде  70-ке жуық бағдарлама қатысушысына кәсіп бастауға қайтарымсыз грант берілді. 2 адам жеңілдетілген несие алды. Ал алдағы сенбі күні  соңғы кезеңнің қатысушылары комиссия алдында өз бизнес жобаларын қорғайды.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login